Ел асыға күтетін ең сүйікті әрі жарқын мерекелердің бірі – Халықаралық әйелдер күніне орай Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайында мерекелік концерт өтті. Сұлулық пен мейірім, даналық пен рухани құндылық салтанат құрған бұл күні аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді.
Мерекелік шарада сөз алған қала әкімі Аян Бейсекин нәзік жандыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.
– Сіздерді көктемнің нәзік те шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйелдер – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғам дамуының белсенді қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің қоғамдағы рөлі мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуінің маңызды факторларының бірі екенін атап өткен болатын. Сіздер аналық мейірім мен даналықтың, төзім мен парасаттың үлгісін көрсетіп, ұрпақ тәрбиесінде зор жауапкершілік арқалап келесіздер. Бүгінде Екібастұз қаласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша маңызға ие. Осы жетістіктердің артында нәзік жандылардың да қажырлы еңбегі мен табандылығы жатыр. «Әйел – кенші, әйел – энергетик, әйел – теміржолшы» деген ұғымдар бүгінде қалыпты құбылысқа айналды. Бұл – қоғамымыздағы әйелдерге деген құрмет пен сенімнің айқын көрінісі, – деді қала басшысы.
Салтанатты жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, адал еңбегі мен белсенді өмірлік ұстанымы үшін бірқатар қыз-келіншектер марапатталды.
Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасымен «Railways systems kz» ЖШС-нің кран машинисі Майра Мұхтарова марапатталды. Ал облыс әкімінің алғыс хаты Екібастұз-3 теміржол станциясының кезекшісі Анна Келлерге және қалалық №3 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Анар Курквайқызына табысталды. «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі №17 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Ләззат Манабаеваға берілді.
Сонымен қатар Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасымен қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлнар Ахметова, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС-нің жалпы станциялық жабдықтарды пайдалану және жөндеу цехының қызметкері Мәнсия Бейсембаева, «Горэлектросеть» ЖШС-нің кассирі Людмила Вишнякова, «Жасыбай» спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі әдіскері Марал Жагапарова, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті №47 мекемесінің жасақ бастығы Абира Жамшитова, «Энергоуправление» ЖШС-нің инженері Оксана Загорулько, Екібастұз МАЭС-2 станциясының профилактикалық қызметінің медбикесі Ләззат Занова, «Дисконт» өндірістік кооперативінің бас дәрігері Күләш Қонысбаева, Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының аға инспектор-психологы Диана Муштаева, Екібастұз қалалық сотының судьясы Әсел Тазбулатова, «Горводоканал» МКК-ның машинисі Қамышкен Хасанова, «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС-нің қойма меңгерушісі Екатерина Цариценко және «KEGOC» АҚ-ның жетекші инженері Елена Яхина марапатталды.
Айта кетейік, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген өзге де нәзік жандыларға қала әкімінің алғыс хаттары табысталды. Шараға Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев та қатысып, ел дамуына ер азаматтармен қатар үлес қосып жүрген әйелдер қауымына жылы лебізін білдіріп, марапаттау рәсімін жүргізді.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Кеш барысында эстрада жұлдыздары Amre мен Әлішер Кәрімов ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Осылайша, залдан гүл құшақтап шыққан арулар әсем кештің әсерімен ерекше көңіл күйде тарқасты.
Ділназ Серікбай





