5 наурыз күні Екібастұз қаласында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің еңбек ұжымдарымен, білім беру мен мәдениет салаларының өкілдерімен, сондай-ақ, қоғам белсенділерімен кездесуі өтті. Жиын барысында адам мен оның әл-ауқатын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайтын жаңа Конституция жобасының мазмұны түсіндіріліп, оның қоғам үшін маңызы кеңінен талқыланды.
«Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өткен жиында педагогтар Ата заң жобасындағы басты өзгерістер төңірегінде пікір алмасты. Әсіресе жаңа конституциялық нормалардың өндіріс, білім беру және денсаулық сақтау салаларында еңбек ететін азаматтардың құқықтарын қорғауға қалай ықпал ететіні кеңінен сөз болды. Қатысушылар реформалардың қоғам өмірінің барлық саласына әсер ететінін атап өтіп, жаңа құжаттың ел даму жолындағы маңыздылығына тоқталды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов, Республикалық заңгерлік кеңесшілер алқасының төрағасы Серік Ақылбай, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Арғын Ысқақбеков, Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кеңесшісі Йылмаз Сафарауль және Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев қатысты.
Кездесу барысында сөз алған Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов елімізде жүзеге асып жатқан конституциялық реформалардың мәніне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен өзгерістер әділетті, орнықты әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
— Жаңартылған Конституция жобасының басты ерекшелігі – адам мүддесін алдыңғы орынға қою. Мемлекет пен қоғам дамуының өзегінде азаматтың құқықтары мен әл-ауқаты тұруы тиіс. Бұл – еліміздің жаңа саяси және әлеуметтік бағытын айқындайтын маңызды қадам, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция аясында білім мен мәдениет салаларына да ерекше мән беріліп отыр. Бұл салалар тек қызмет көрсету жүйесі ретінде емес, ұлттың стратегиялық дамуына ықпал ететін маңызды ресурстар ретінде қарастырылады. Мұндай ұстаным педагог мәртебесін арттыруға, сондай-ақ, әр баланың қабілеті мен дарынын мемлекет деңгейінде қолдауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Республикалық заңгерлік кеңесшілер алқасының төрағасы Серік Ақылбай да конституциялық өзгерістердің мазмұнына тоқталды. Оның айтуынша, жаңартылған негізгі заң мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың жаңа моделін қалыптастырады.
— Жаңа Конституция жүйені жеке адамның қажеттіліктеріне сай қайта құруда. Заңның өзегінде адам, оның сапалы білім алуға, заманауи медицинаға және мәдени өзіндік болмысын қалыптастыруға деген құқығы тұр. Білім беру орталықтарына инвестиция салу арқылы біз жаңа буын креаторларын қалыптастыруға үлес қосамыз. Ал олардың дамуға деген құқығы елдің Ата заңымен қорғалады, – деді коалиция мүшесі Серік Байсейітұлы.
Кездесулер қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформалар мемлекет, бизнес және қоғам әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты, тұрақтылығы мен өркендеуі үшін ортақ жауапкершілік алатын орнықты даму моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Педагогтар мен қоғам өкілдері ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның болашағына берік негіз қалайды деген сенімдерін білдірді.
Ділназ Серікбай




