Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында құрылыс бөлімінің бас маманы Әнуарбек Әділов қала көшелерін жарықтандыру жұмыстарының барысы туралы мәлімет берді.
Қаламызда 2018 жылдан бастап көшелерді жарықтандыру желісін салу бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып келеді. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда және бүгінгі күнге дейін оның алты кезеңі толық аяқталған.
Осы уақыт аралығында жалпы қашықтығы 137 шақырымды құрайтын жарықтандыру желісі тартылып, 241 көше жарықпен қамтылды. Жұмыстар бірнеше кезеңге бөлініп жүргізілді.
Алғашқы кезеңде 12 шақырым желі тартылып, 24 көше жарықтандырылды. Екінші кезеңде 35 шақырым желі жүргізіліп, 60 көше қамтылды. Үшінші кезеңде – 15 шақырым желі, 14 көше, төртінші кезеңде – 37 шақырым желі, 68 көше, бесінші кезеңде 9,8 шақырым желі, 48 көше қамтылды. Ал соңғы – алтыншы кезеңде 28,2 шақырым желі жүргізіліп, 27 көшеге жарық берілді.
Көше жарықтандырумен қатар балалар алаңшаларын жарықтандыру жұмыстары да қатар жүргізілді.
– Жоба аясында 66 балалар алаңшасы жарықтандыру жоспарына енгізілді. Бұл – өте маңызды бағыттардың бірі. Себебі кешкі уақытта балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрады, – дейді бөлім маманы.
Биыл балалар алаңшаларын жарықтандырудың екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Жоспарға сәйкес, 100-ден астам балалар алаңшасы, стрит-воркаут және стритбол алаңдары жарықтандырылады.
Сонымен қатар, биыл көше жарықтандырудың жетінші кезеңінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл кезеңде Әуезов, Абай, Энергетиктер, Беркімбаев, Торайғыров сияқты негізгі көшелерге көңіл бөлінбек. Сондай-ақ, алдыңғы кезеңдерге енбей қалған көшелер де осы кезеңде қамтылады.
Бас маманның айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға қолайлы орта қалыптастыру.
Жалпы бүгінде жоба аясындағы жұмыстардың 90 пайызы орындалған.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ





