5 наурыз күні Естай атындағы балалар музыка мектебінде Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» ұйымдастырылды. Ашық форматта өткен қабылдауға қала әкімі Аян Бейсекин қатысып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің және қаладағы бірқатар ұйымдардың басшылары қатысты. Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді мамандарға жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Осы күні коммуналдық қызметтердің, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау саласының, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары және жұмыспен қамту бөлімдерінің өкілдері азаматтарға кеңес беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бірыңғай қабылдау күні барысында шамамен 30-ға жуық қала тұрғыны түрлі мәселемен жүгінді. Жергілікті атқарушы органдарға келіп түскен өтініштердің басым бөлігі коммуналдық қызмет көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер қатынастары саласына қатысты болды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау, медициналық қызметтердің қолжетімділігі секілді өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші жеке қарастырылып, тиісті сала мамандары тарапынан нақты жауаптар берілді. Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапса, бірқатар сұрақтар бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Мамандардың мәліметінше, қабылдау барысында барлығы 16 азаматтан ресми өтініш тіркелген.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мұндай ашық форматтағы кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерін дер кезінде шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта да азаматтарды қабылдау шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтыны айтылды.
Ділназ Серікбай






