Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық аясында Екібастұзға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол қала әкімі Аян Бейсекинмен бірге «Қайнар» ББК-де және өлкетану музейінде орналасқан референдум учаскелеріне кіріп, алдағы айтулы күнге дайындық деңгейін тексерді. Негізгі назар учаскелердің дауыс беруді өткізуге дайындығын бағалауға, азаматтардың референдумға қатысуына тең әрі кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге аударылды.
Аталған учаскелерде барлық санаттағы азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасалғанын айта кеткен жөн. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсем Оспанова қонаққа «Қайнар» ББК-дегі референдум учаскесін көрсетіп, мұндағы жағдайды баяндады.
Учаскеде көру және есту қызметі бұзылғандар үшін арнайы үстел дайындалған. Мұнда дауыс беруге арналған бюллетеньдерге Брайль қарпімен трафареттер қойылыпты. Ол жерде жаңа Конституция жобасының аудионұсқасын компьютерден құлаққап арқылы тыңдауға, мәтінді оқуға болады. Референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жоба мәтінін «Қазақ радиосы» дикторлары дайындағанын айтып өтті.
Сондай-ақ, жаңа Конституция жобасының мәтіні кітапша етіп жасалып, кіреберістегі үстелге де қойылған. Дауыс берушілер осы жерден жобаның мазмұнымен кез келген уақытта таныса алады. Осы жерде айта кетсек, учаскедегі ақпараттық стендтерді орналастыруда мүгедек арбасымен қозғалатын азаматтардың қажеттіліктері ескерілген.
– Осы учаскеде мүгедектігі бар 3 дауыс беруші бар. Олардың екеуі қоларбамен қозғалады. Дегенмен жылда өздері келіп дауыс береді. Қазіргі уақытқа дейін үйден дауыс беруге осы учаскеден бір ғана өтініш түсті. Ал қала бойынша түскен өтініштер саны – 7, – деді Әсем Темірғалиқызы.
Екібастұз өңірінде 98 мыңға жуық дауыс беруші бар. Олар өз учаскелерін QR-коды бар дербес шақыру билеттері арқылы анықтай алады. Мұндай шақыру билеттері әр пәтерге жеткізілуде. Азаматтарды референдум туралы ақпараттандыру жұмысы қарқынды жалғасып жатыр.
Сапар барысында Нұрлан Әбдіров комиссия мүшелерінің назарына электоралдық процеске қатысатын барлық қатысушылар – дауыс берушілер, байқаушылар және БАҚ өкілдері үшін ғимараттардың функционалды ыңғайлылығын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
– Дауыс берушілер үшін бәрі ыңғайлы болуы тиіс. Сондықтан ақпараттық стендтердің азаматтардың танысуына жеңіл болуын қарастырған дұрыс. Осыған дейінгі Алматы, Астана, Қонаев қалаларында болған сапарымда да осы мәселеге мән беріп жүрмін, – деп, референдум комиссиясының төрағасы бірқатар ұсыныстарын айтып өтті.
Бүгінде республика көлемінде – 10 қоғамдық бірлестік, ал облыс көлемінде 4 қоғамдық бірлестік аккредиттеуден өткен. Олар процесті байқаушыларға ұйымдастырылған орында бақылай алады.
Референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жергілікті комиссия мүшелерімен танысып, оларды оқыту қалай жүріп жатқанын сұрады. Ә.Оспанованың айтуынша, Аумақтық комиссия мүшелеріне арналған оқытудың бірінші және екінші кезеңдері офлайн және қашықтан оқыту форматында өтті. Одан соң аумақтық комиссиялар учаскелік комиссия төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшылары үшін дәрістер өткізіпті. Электоралдық оқыту жұмыстары каскадтық модельде ұйымдастырылған.
Н.Әбдіров референдумға дейін ескеретін жайлар туралы айтып өтті. «Егер дауыс беруші референдум күні басқа қалада болатын болса, тіркелген жеріндегі учаскеден есептен шығару куәлігін алуы керек. Сонда ол кез келген учаскеде дауыс бере алады. Бұл туралы тұрғындарға кеңінен ақпарат бергендеріңіз абзал», – деді ол.
Есептен шығару куәлігі 14 наурыз күнгі сағат 18.00-ге дейін беріледі. Бұл куәлікті алу үшін тіркелген учаскеге жеке куәлікпен бару қажет. Тағы бір ескеретін жай, шетелде жүрген азаматтар сол елдегі Қазақстан елшілігіне барып, паспортын көрсетіп дауыс бере алады.
Референдум комиссиясының төрағасы бұдан соң қаладағы өлкетану музейінің дайындығын барлады. Учаскелік комиссия төрағасы Т.Темірханов референдумға тас-түйін дайын екенін айтып, ақпараттандыру бұрышы мен арнайы орындарды көрсетті.
– Бұл учаскеде 1200-ден аса адам дауыс береді. Соның ішінде мүгедектігі бар 6 тұлға тіркелген. Оларға дауыс беру үшін ыңғайлы жағдай жасалған. Брайль қаріптерін 3 адам пайдаланады. Қаріптердің дұрыстығына сараптама жасалды, – деді төраға. – Бүгінге дейін есептен шығару куәлігін ешкім алған жоқ.
Мүгедектігі бар адамдарды тасымалдайтын инва-такси референдум күні де жұмыс істейтін болады. Қалада аталған санаттағы адамдарға 5 инва-такси қызмет көрсетеді.
Бұдан әрі дауыс беруді өткізуге дайындық және учаскелердің қызметі жөнінде азаматтардың электоралдық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері туралы айтылды.
Кенже ҚУАТ






