8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Ақордада мерекелік салтанат өтіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған еңбеккер қыз-келіншектерді құттықтады.
– Бұл мейрам – мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны. Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бұл – ақиқат. «Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан әйелдің қадірі елдің қадірі деп айтсақ, артық болмайды. Бүгін мен Ақорда төрінде сіздерге және барша Қазақстан әйелдеріне зор ризашылығымды және алғысымды айтамын. Халқымыз қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мерекелік жиында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып, өз кәсібінде жоғары табысқа жеткен әйелдерді мемлекеттік наградамен марапаттады.
Мәртебелі шараға Екібастұз қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі Жаңылсын Сағадат та қатысып, Мемлекет басшысының қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты (Жаңылсын Дәуренқызының еңбек жолы «Отарқаның» өткен нөміріндегі «Атасына тартқан қыз» атты материалда жазылған). Екібастұздық тәртіп сақшысын осынау айтулы наградасымен құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз.
Ж.ӘБДІКӘРІМ






