Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Жеңіс Шанаққызына

Сексенді бағындырған бәйтерегім,
Ұрпаққа берген білім нәр, қорегін.
Жарыққа шығып жатыр кітабыңыз:
Алады жұртың одан бар керегін.
Бар еді комиссия «Тілім!» деген,
Генералы едіңіз «гүжілдеген».
Естімей жүрміз үнін соңғы кезде,
Жоқ қылған ба бір қыздар күлімдеген?!
«Павлодар облысының білім жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Гүлбаршын Арқалыққызына

Оң қолы ғой генералдың Жеңістей,
Жүретұғын әділетсізбен келіспей.
Пенсиямен қорқытпаңыз бұл қызды,
Беріспейтін батыр қыз ғой өліспей.
Жарқын жолмен өрілді ғой өткені,
Мұндай жандар – Екібастың көктемі.
Ақын атын отырса да, арқалап,
Әттең, әттең, «Отарқаны» оқымайды мектебі!
Мемлекеттік қызмет ардагері Зинаида Әшімқызына

Бұл халқым Зинаиданы біле ме екен,
Бұл күнде өр Астана – оған мекен.
Мемлекеттік қызметтің майталманы,
Тілін тапқан көпшіліктің адам екен!
Күндер ай, «митингі» деп шапқылаған,
«Тендер» деген тақырыпты жақтырмаған.
Бұл күнде аңсататын арман құсап,
Аман-есен жүргейсіз, жақсы адам!
«Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Еркебайқызына

Жәрмеңке болса да, жүреді бір сұлу,
Сайлау өтсе де, жүреді бір сұлу.
Наурыз келгенде күлімдер бір сұлу,
Жоқ онда бас тартып, қырсығу!
Шай керек болса да, жасайтын – бір сұлу,
Той керек болса да, қоштайтын – бір сұлу.
«Гәзел» келгелі тіпті де тоқтау жоқ,
Қай жерге барсаң да, көрерің – Нұрсұлу!
Режиссер Әмина Қалдыбаеваға

Режиссер мамансыз ғой құны бөлек,
Талғамы, қолтаңбасы, жолы ерек.
Көп көріп бәз біреулер «нөл бесіңді»,
«Ерлік етті» деген бір жетті дерек.
Арамызда бар олқы ойлайтындар,
Керек десең, жұмысқа бармайтындар.
Әминадай өнердің тарландары –
Тұғырынан құрметтің таймайтындар!
Ұлттық тағам шебері Қазына Алпысбаеваға

Қояндының Қазынасы деп едік,
Бүрме қарын, жаужүрегін жеп едік.
Бірде «Шабыт», бірде «Кәусар» – өрісің,
Жақсы ісіңді жазып әркез кенелдік.
Қарын көрсе, ашылатын шабыты,
«Грамотадан үй салатын» уақыты…
Сахнада ансамбльдің шетіне
Шығып қалса, көне салар тағы өзі…
Мүсінші Баян Қайнышеваға

Шебер бар Екібаста Баян деген,
Жүретін асықпайтын аяңменен.
Баянның мүсінінен сан ақынның
Шабыты шалқып, тасып, оянды өлең!
Қолөнер әлемінің шынары екен,
Өлеңті туған жері – тұмары екен.
Шіркін-ай, Баян соққан зор ескерткіш
Асқақтап қашан бізде тұрар екен?!
Ақын Айгүл Шынбергенқызына

Туғанмен қара өлеңнің шахтасында,
Құлып сап жыр-әлемнің қақпасына.
Айгөлек отыр әзір билет сатып
Мәдениет сарайының кассасында.
Әртіске тәтті шайын құйып беріп,
Алқасы қыз-қырқынға көрік беріп.
Кісілік келбеті зор осы қыздың
Қадірін жүрме екенбіз көріп-біліп?!
Мәдениет саласының үздігі Ләззат Шушаеваға

Шаң басқан архив сынды көкірегі,
Шәкіртін жеткізсем деп бекінеді.
Ләззаттай көзкөргендер тот баспайтын
Кешегі текті күннің өкілі еді.
Тәлімі – тәрбиенің мұнарасы,
Бір орны – бүгінгі «Ана ұлағаты».
Тізімде бірде бар да, бірде жоқ қып
Қойса да, аласармас ел анасы.
Тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Ордабаеваға

«Бір үйде жиюлы екен қазына, мал»:
Көрсетіп оны бізге Салтанат дал:
«КСРО үкіметінен сыйлық алған
Бар бізде мына кенші, мынадайлар.
Дәуірін еңбегімен көрікті етті» …
Есті жан құлақ қойып, көріп кетті.
Ал есі кірмегендер (ұят, ұят!)
Сайлаудың жырын жырлап, тұрып кетті!
Салтанат – руханият патшайымы,
Патшайымның мұндайға несі кетті?!
«Богатырь Көмір» ЖШС мемлекеттік тілді енгізу бөлімінің жетекшісі Манар Ерботинаға

Инстаграмды жандырған,
Статусты «талдырған».
Наурыз-думан жүлдесін
Еш талассыз алдырған.
Манар сұлу, армысың!
Арта берсін табысың,
«Отарқалық» оқырман
Біле алмай жүр «БАК»-тағы
Ана тілдің шабысын,
Кенші жүрек қағысын!
Достық ниетпен, Жанаргүл Қадырова




