Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов құқық бұзушылықтың алдын алу заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, 2026 жылғы 2 наурыздан бастап Қазақстан Республикасында «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң заңды күшіне енді. Бұған дейін құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері түрлі нормативтік-құқықтық актілер аясында қарастырылып келген болса, енді бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелейтін бірыңғай құқықтық құжат қабылданды.
Жаңа заң мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының, ұйымдар мен азаматтардың құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы қызметінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
– 2025 жылдың соңында Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның нәтижесінде құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін кешенді түрде реттейтін жеке заң қабылданды. Енді алдын алу шаралары тек ішкі істер органдарының қызметімен шектелмейді. Бұл – барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер үшін ортақ міндет. Әр құрылым өз құзыреті шегінде профилактикалық жұмысты ұйымдастыруы тиіс. Іс-шаралар арнайы бекітілген жоспарлар аясында жүзеге асырылады, – деді Медет Бейсенов.
Заң талаптарына сәйкес, құқық бұзушылықтың алдын алу қызметі кешенді және ведомствоаралық өзара іс-қимыл негізінде жүргізіледі. Мемлекеттік органдар өз салалары бойынша құқық бұзушылық тәуекелдерін айқындауға, олардың себептері мен жағдайларын талдауға және оларды жоюға бағытталған нақты шаралар қабылдауға міндетті. Атап айт-
қанда, білім беру ұйымдары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімдері, дене шынықтыру және спорт саласының құрылымдары, медицина қызметкерлері, т.б. өз бағыттары бойынша профилактикалық жұмысты күшейтуге тиіс.
Жаңа заң құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүйелеуге және қоғамдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Ол ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алудан бастап қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін факторларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Ділназ Серікбай





