Қай уақытта да асыл тастармен көмкеріліп, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген әшекей бұйымдар сәннен түскен емес. Олар қыз-келіншектердің көркіне көрік қосып, сұлулығын одан әрі айшықтай түседі. Бағзы заманнан бастау алған қазақтың зергерлік өнері бүгінгі күні де өз жалғасын тауып, жаңаша сипатта жаңғырып келеді. Көздің жауын алатын әшекейлерді заман талабына сай түрлендіріп жүрген шеберлердің бірі – екібастұздық қолөнерші Меруерт Шәріпова. Он саусағынан өнер тамған Меруерт бұл киелі істі бүгінде қызы Адарамен бірге дөңгелетіп отыр. 14 жастағы Адара – №24 мектептің оқушысы. Анасының жанында жүріп шекелік, шашбау, сырға, білезік пен жүзік жасаудың қыр-сырын меңгеріп үлгерген.
Меруерт Шәріпованың айтуынша, зергерлік өнер оған нағашы жұртынан дарыған.
– Нағашы атам күмістен жүзік, білезік соғатын. Бала кезімнен соның жанында жүріп, қалай жұмыс істейтінін көріп өстім. Есейе келе бойымдағы бұл қабілеттің тегін емес екенін түсіндім. Өзімді сол кісілердің жолын жалғап жүргендей сезінемін, – дейді ол. – Көздің жауын алатын дүниені өмірге әкелген сайын ерекше бір рахат күйге бөленесің. Одан сайын дамытып, сол кәсіптің қыр-сырына қаныға түскің келеді. Түрлі бұйымдар жасауға асқан ептілік қажет. Әйтпесе жоспарлаған дүниең ойдағыдай шыға қоюы екіталай. Қай бұйымды болмасын бастар алдында ойша жоспарлап аласың. Содан кейін барып жұмыс басталады. Зергерлік – төзімділікті, ептілік пен ыждағаттылықты талап ететін өнер. Төмен қарап отырған қалпы алақандай затты әдемі етіп шығару керек. Бұл іс адамның көңіл-күйімен тікелей байланысты. Жұмысқа жан-тәніммен берілгенде ғана нәтижесі көңілден шығады, – дейді ол.
Қазақтың зергерлік бұйымдарының әрқайсысы терең мағынаға ие. Күмістің сыңғырлаған үні, ою-өрнектің орналасу реті, бұйымның пішіні – бәрі белгілі бір жүйемен жасалады. Темір, қола дәуірінен бері келе жатқан әшекейлер тағылу ерекшелігіне қарай адамның шыққан өңірін, әлеуметтік орнын, тіпті наным-сенімін де білдірген.
Бүгінде Меруерт пен Адара бұйымдарын мельхиор, жез секілді материалдардан, сондай-ақ, табиғи тастар мен хрусталь моншақтардан жасайды. Әр әшекейдің өзіндік технологиясы бар. Мәселен, шашбау жасау кезінде алдымен негізгі пішін таңдалып, қажет болса бірнеше ірі элемент біріктіріледі. Кейін ою-өрнек бөліктері арнайы құралдармен бекітіледі. Тастар орнатылып, ұсақ бөлшектер дөңгелек тістеуікпен кіріктіріледі. Шашбаудың ұшы жібек шашақтармен немесе күміс салпыншақтармен безендіріліп, кейде тиындар тігіледі.
Шаштың түбіне тағылатын бұл әшекей қыз баланың тазалығы мен жастық шағының көркемдігін бейнелейді.
Қолөнершілер бұл іспен екі жылдай айналысып келеді. Бір жақсысы, сұраныс күн өткен сайын артып отыр.
– Қазір ұлттық әшекейлерге, әсіресе, қолдан жасалған бұйымдарға қызығушылық жоғары. Қыз ұзату, үйлену тойлары, ұлттық стильдегі іс-шаралар көбейген сайын шекелік пен шашбауға тапсырыс артады. Мектептердегі ұлттық киім күндеріне орай қыздарға бірдей әшекейлерге жаппай тапсырыс берілетін кездер болады. Қазір – көктемгі мерекелер қарсаңында да сұраныс көбейіп отыр, – дейді шебер.
Анасының ісіне ерте араласқан Адара да бұл өнерге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның пікірінше, зергерлік салада табысқа жету үшін дарынмен қатар еңбекқорлық пен тазалық қажет.
– Қолөнерді дамыту шебердің өзіне байланысты. Өз бұйымыңды өзің насихаттап, көрсетпесең, оны ешкім сен үшін жасамайды. Арманым – қазақтың зергерлік бұйымдарын әлемдік деңгейге шығару. Tiffany, Cartier секілді әлемдік брендтердей сұранысқа ие ұлттық бренд қалыптастырғым келеді. Біздің өнердің олардан еш кем тұсы жоқ. Қазақы стильдің өзіндік ерекшелігі бар, – дейді жас шебер.
Бүгінде анасы мен қызы тек әшекей жасаумен шектеліп қалмай, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін безендіруді де жоспарлап отыр. Алдағы уақытта джинс күртешелерді, пиджактар мен бас киімдерді қазақы ою-өрнекпен әрлеп, заманауи үлгіде ұсынбақ.
Қолөнершілердің қолынан шыққан әр бұйымда нәзіктік пен ыждағаттылық, дәстүр мен заманауи талғам үйлесім тапқан. Бұрымға тағылған сыңғырлаған шашбау, маңдайға қонған шекелік, мойынды әдіптеген алқа – бәрі де қазақ қызының болмысын айшықтайды. Осындай шебер жандардың еңбегі арқылы ұлттық мұрамыз жаңғыра түсуде.
Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдармен және жаңа топтамалармен олардың Instagram желісіндегі @Adara_etno.ekibastuz парақшасы арқылы танысуға болады.
Ділназ Серікбай






