Соңғы кезде этностильдегі әшекей бұйымдарды жасау қанат жайып келеді. Бұл ұлттық ою-өрнекті көпке дәріптеумен қатар қазақы нақыштағы заманауи бренд қалыптастырудың үлгісі іспетті. Бүгінгі буын ұлттық стильдегі әшекейлерді сәндік бұйым ретінде де, көне және заманауи сәннің жарасымды үндестігі ретінде де қабылдай біледі.
Бүгінгі әңгімеміз этно-әшекейлердің ішіндегі ерекшесі – ағаштан жасалған сәндік түйреуіштер туралы болмақ. Қолдан жасалған этно-түйреуіш жай ғана әшекей емес. Ол – жылы жемпірмен де, классикалық пиджакпен де, ұлттық тақиямен де әдемі үйлесетін ерекше аксессуар. Кешкі сәнді көйлекке де ерекше сән береді. Бір қарағанда шағын ғана аксессуар болғанымен, оның бойында тұтас бір мәдениет, бір дәуірдің ізі жатыр.
Осындай ұлттық нақыштағы сәнді түйреуіштерді жасап жүрген Айсұлу Қабылмәжитова – еңбек пәнінің мұғалімі. Қазір мектепте және «Самғау» балалар шығармашылық орталығында жұмыс істейді. Балаларға саз балшықтан түрлі бұйымдар жасап, көркем дүние өндіруді үйретеді.
Мұғалімдік пен қолөнерді қатар алып жүрген Айсұлу Алдоңғарқызы бұл іске бірден келген жоқ. Алғашында бисерден моншақ жасаудан бастаған. Уақыт өте келе этностильдегі сәнді түйреуіштер жасауға ден қойыпты.
Бүгінде ол түйреуіштерді ағаштан жасайды. Бұйымның эскизін өзі сызады, бояуын өзі таңдап, реңін келтіреді. Дайын болған соң үстіне әуелі акрил бояу жағып, эпоксидті шайырмен (эпоксидная смола) қаптап, ерекше жылтыр өң береді. Нәтижесінде көздің жауын алатын әсем туындылар дүниеге келеді.
Түйреуіштерде қазақы оюлар, домбыра мен қобыз сынды ұлттық аспаптар, сондай-ақ, аң стиліндегі бейнелер жиі кездеседі. Әсіресе тастағы таңбаларды, арқарды, күн бейнесін, түйені арқау еткен аң стиліндегі бұйымдары ерекше сұранысқа ие. Бұл бейнелер сонау сақ дәуірінен жеткен символиканы еске салады.
Айсұлудың жұбайы Дулат – ағаш шебері әрі мектепте өнер пәнінен сабақ береді. Бұйымдарды ағаштан кесіп беретін – Дулат. Ал идеясы мен бояуын, композициясын Айсұлудың өзі жасайды. Ерлі-зайыптылардың шығармашылық тандемі осылайша бірін-бірі толықтырып тұр.
– Сұраныс көп. Соған орай идея да көп. Кәдесыйға жиі тапсырыс түседі. Бір жасағанымды қайталамауға тырысамын. Бояуын құбылтып, әр тұтынушының көңілінен шығатын дүние жасағым келеді, – дейді шебер.
Айтқандай-ақ, мереке қарсаңында да тың туындылар дүниеге келіп жатыр. 8 наурызға орай қыз-келіншектерге арналған гүл, қарлығаш бейнесіндегі, тас орнатылған оюлы түйреуіштер әзірленсе, Наурыз мейрамына шашбаулар мен алқалар дайындалуда.
Бұйымдарының бағасы да қолжетімді.
– Мұны тек бизнес деп қарамаймын. Әр адамға қолжетімді болса деймін. Сонымен бірге қазақы стильдің дамуына қосқан үлесім деп білемін, – дейді Айсұлу.
Айсұлу мен жұбайы Дулат – бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, балалары да өнерге жақын. Ұлдары әкесіне көмектесіп ағаш кесіп, жиһаз жасауға араласса, қыздары анасына қолғабыс етіп, қолөнер бұйымдарын бояуға көмектеседі.
– Қазақы стильдегі бұйымдарды тек Наурыз қарсаңында ғана емес, күнделікті өмірде де тағуға болады. Мектепке, жұмысқа, көшеге, тойға – кез келген ортаға жарасады. Жақында бір апай тойға қазақша киім киетінін айтып, жұбайы екеуіне жұп түйреуіш жасап беруімді өтінді. Ою мен қыран бейнесі бір-біріне керемет үйлесті. Енді осындай жұп бұйымдарды да жиі жасай бастадым, – дейді ол.
Айсұлу Алдоңғарқызы алдағы уақытта сүйектен бұйым жасап көруді жоспарлап отыр. Мұның өзіндік сыры жоқ емес. Үйінде өткен ғасырда сүйектен жасалған қауырсын сақтаулы. Музейден де осындай көне бұйымдарды көріп, жаңа идеялар туған.
Сүйектен жасалған әшекей бұйымдар қазір таңсық көрінеді. Ықылым заманнан ата-бабаларымыз алқа, білезік, түйме, тарақ жасау үшін малдың жауырын, жілік сүйектерін, мүйізі мен тістерін пайдаланған екен. Бұл материалдар өңдеуге, оюлы бедер салуға ыңғайлы. Айсұлу қой сүйегінен алқа, басқа да әшекейлер жасауды ойластырып жүр.
Жалпы, ізденіс пен идея тоқтаған емес. Кейіпкеріміз тарихи кітаптарды ақтарып, ұлттық мұраны зерттеп, әр туындысына мағына жүктеуге тырысады.
Шығармашылық адамы болғандықтан қолөнерші Айсұлу Қабылмәжитова әр бұйымын зор махаббатпен жасайды. Ол үшін әр түйреуіш – жан жылуын сіңірген шағын өнер туындысы. Әр оюдың сызығында, әр бояудың реңінде шебердің талғамы мен жүрек қалауынан туған нәзік сезім жатыр.
– Бұйымды тұтынушыға ұсынуға да мән беретін болдым. Қазіргі заман талабына сай қаптамасын да эстетикалық талғаммен ойластыруға тырысамын. Әр түйреуішке арнайы шағын сурет басып шығарамын. Бірінде қазақы киімдегі қыз бейнесі болса, енді бірінде ою-өрнек, табиғат көрінісі немесе ұлттық нақыштағы композиция бейнеленген. Ең бастысы – бір суретті қайталамауға тырысам, – дейді шебер.
Дайын болған түйреуіш сол суреттің үстіне әдемілеп қыстырылып, сырты мөлдір целлофанмен қапталады. Сөйтіп, бұйымды қосымша қорап іздемей-ақ, бірден сыйға тартуға болатындай етіп дайындайды. Бұл шебердің тұтынушыға деген құрметі десе болғандай. Осылайша ол әр түйреуішті ықыласпен әзірленген шағын сыйлыққа айналдырады.
– Менен бұйым алған адамдардың тағып жүргенін көрсем, қатты қуанамын. Демек, еңбегім елге керек, – дейді ол күлімсіреп.
Ұлттық нақышты заманауи сәнмен ұштастырып жүрген осындай шеберлер барда әлем көз тіккен этностильдің ғұмыры да ұзақ болары анық.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ





