Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2026 жылғы 1-2 наурыз аралығында Астана қаласында «Ана тілі» республикалық интеллектуалды қазақ тілі олимпиадасының республикалық кезеңін өткізді. Аталған іс-шара «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арасындағы Меморандум аясында ұйымдастырылды.
2025 жылдың желтоқсан айында олимпиаданың іріктеу кезеңі өткен болатын. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үш команда республикалық кезеңге жолдама алып, Павлодар облысының намысын қорғады.
Олимпиаданың республикалық кезеңі үш турдан тұрды:
1. «Пікірсайыс» – берілген тақырып аясында сөз жарыстыру және білім таластыру сайысы;
2. «Тілшілер сайысы» – эссе, мазмұндама және тіл білімі бағыттарын қамтыған сайыс;
3. «Білімпаздар» – ғылым мен білім тақырыбындағы сұрақтардан құралған викторина.
Олимпиаданың республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша Екібастұз қаласының командасы – №25 қазақ қыздар гимназиясының 10-сынып оқушылары: Аяулым Әнуарбекова, Меруерт Инербаева, Сымбат Тлеукен командалық есепте III орынға ие болды. Білім додасына оқушыларды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Рахимбаева дайындады.
Атап өтерлігі, аталған олимпиада – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға және дарынды жастарды қолдауға бағытталған білім сайысы.
Ж.АЙТЫШ




