
Екібастұз қалалық полиция басқармасының аға тергеушісі Жаңылсын Сағадат құжатына жазылған атасының есімін фамилия ғана емес, аманат деп есептейді. Өйткені атасы Сағадат Ысқақов елінің ардақты азаматы, Социалистік Еңбек Ері еді.
Қазақта Жаңылсын деген есім отбасындағы ер баланы аңсау ниетін білдіреді емес пе. Шаңырақта үшінші қыз болып дүниеге келген Жаңылсын – ата-анасының арманын ақтағандай болып, соңына Қаныш атты бауырын ерткен ақжолтай перзент.
Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын «құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша тәмамдаған Жаңылсын Дәуренқызы тергеу органдарында тоғыз жылға жуық еңбек етуде. Терең заңгерлік білімді ғана емес, тегеурінді мінез бен жауапкершілікті талап ететін қызметін қалтқысыз атқаруда оған ата-анасы сіңірген адалдық, сөзге беріктік қасиеттер серік болып келеді.
– Тергеушінің жұмысы – эмоционалды тұрғыда ауыр әрі жауапты қызмет. Күн сайын күрделі істермен, адам тағдырларымен бетпе-бет келеміз. Дегенмен мен қызмет пен отбасы жайын араластырмаймын. Жұмыс мәселесін үйге арқалап апармауды өмірлік қағидама айналдырғанмын. Құқық қорғау саласы ер азаматтарға ғана арналғандай көрінгенімен, бұл салада жынысқа емес, кәсібилікке мән беріледі. Әйел адам да бұл қызметте табанды, салмақты, әділ бола алады. Сонымен қатар, әйелге тән сезімталдық пен ұқыптылық кейбір істерді ашуда үлкен рөл атқарады, – дейді аға тергеуші.
Жаңылсын кәмелетке толмаған жәбірленушілермен жұмыс істеу оңай тимейтінін мойындайды.
– Бір жағынан, мен – тергеушімін, заң талаптарын қатаң сақтап, істің әділ әрі толық зерттелуін қамтамасыз етуім қажет. Екіншіден, мен – анамын, әйелмін. Баланың жан жарасын, қорқынышын, үнсіз күйзелісін көру мені бей-жай қалдырмайды. Осындай сәттерде сабыр мен адамгершілік тепе-теңдігін сақтау маңызды. Әрбір баланың құқығы қорғалуы тиіс, ал тергеу процесі олардың психологиялық жағдайына зиян келтірмей жүргізілуі қажет. Мен үшін бұл – тек қызметтік міндет емес, үлкен жауапкершілік. Себебі әр баланың тағдыры – болашақтың тағдыры, – дейді ол.
Еңбек жолына үңілсек, Жаңылсын Дәуренқызы 2017-2023 жылдар аралығында Екібастұз қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің меншікке қарсы қылмыстарды тергеу бөлімшесінде тергеуші қызметін атқарды.
Ішкі істер саласындағы тоғыз жыл ішінде еселі еңбегімен жарқырап көрініп, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, Павлодар облысы полиция департаментінің алғыс хаттары мен грамотасы (2022 жыл), «Қазақстан полициясына – 30 жыл» медалі (2023 жыл), Екібастұз қалалық мәслихатының құрмет грамотасы (2024 жыл). Ал былтыр тергеуші ару өңіріне «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісін тақты.
Тергеушінің өмірі уақыт тапшылығымен қым-қуыт өтіп жатса да, Жаңылсын Лаула атты сүйкімді перзентінің тәрбиесіне жан-жақсы көңіл бөлуге тырысады. Алыс ауылдағы ақылшы анасы Жаңагүлдің да бала тәрбиесіне ықпалы мен көмегі зор. Айтпақшы, «Герой атаның» кенже келіні – Жаңагүл апай – көпбалалы ана, стоматолог болып еңбек етуде. Ата-анасы дарытқан бауырмалдық қасиет, туған үйдің жылуы күрделі салада жүрген Жаңылсынға сындарлы шақтарда күш-қайрат, айбар береді.
– Қызметтен тыс уақытта мен ең алдымен анамын. Қызымды тәрбиелеу – менің басты міндетім әрі бала әр адамның бақыты емес пе. Балама өзіме ата-анамнан берілген құндылықтарды дарытуға тырысамын: үлкенге құрмет, елге деген сүйіспеншілік, жауапкершілік және табандылық. Үйде жайлы атмосфера қалыптастыруды, түрлі-түрлі ас әзірлеуді ұнатамын. Мен үшін үй – күш-қуат алатын, жан тыныштығын табатын орын, – дейді кейіпкеріміз.
Мереке қарсаңында тергеуші ару әйелдер қауымына мынадай тілегін білдірді:
– Әрбір әйел асыға күтетін осынау мерекеде қыз-келіншектер қауымына денсаулық, сабыр, өз-өзіне деген сенім тілеймін. Өз құндылықтарыңызды ұмытпаңыздар. Отбасы мен қызметті қатар алып жүріп өз армандарыңыздан бас тартпаңыздар. Әр әйел өзінің тамырынан, тәрбиесінен, отбасының қолдауынан күш алады. Сол күш әрқайсымызға өмір жолында серік болсын!
Жанаргүл Қадырова




