Гүлнат Томтаева

Құқық қорғау саласында қызмет етуді бала кезінен армандаған полиция аға сержанты Гүлнат Томтаева – бүгінде мақсатына жеткен жан. Ол 2018 жылдан бері мамандандырылған күзет қызметінде еңбек етіп келеді.
Гүлнат Қанатқызы Қазтұтыну одағының Павлодар экономикалық колледжінде «Есептеу техникасы және автоматтандырылған жүйелердің бағдарламалық қамтамасыз етілуі» мамандығы бойынша білім алған. Алайда жүрек түкпіріндегі құқық қорғау саласына деген қызығушылық оны мүлде басқа арнаға бұрды.
— Әкем тірі кезінде бұл мамандықты таңдауыма рұқсат бермеген еді. Оқуға түсерде де заңгерлікке баруыма қарсы болды. Бірақ сол арман көкейімде сақталып қалды. 2018 жылы осы қызметке орналасқанымда, бір үлкен белесті бағындырғандай сезімде болдым, — дейді ол.
Бүгінде Гүлнат Қанатқызы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 2-ші полиция батальонында мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр.
— Біздің жұмыс мұқияттылық пен қырағылықты талап етеді. Мемлекеттік нысандарды күзету – үлкен жауапкершілік. Кезекшілік кезінде тәулік бойы сергек болып, айналадағы жағдайды бақылап отырамыз. Барлығы нұсқаулыққа сай жүзеге асады: автокөліктердің кіріп-шығуын қадағалау, рұқсатнамаларды тексеру, жүргізушілермен өзара іс-қимыл жасау. Мен МАЭС-1 нысанының бекетінде қызмет атқарамын. Өз жұмысымды шын жүректен жақсы көремін, — дейді полиция қызметкері.
Гүлнат – үш ұлдың аяулы анасы, сүйікті жар. Жұбайы Жасұлан Жұмкин – жол-патрульдік қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты. Тұңғышы Вагиз – 12 жаста, №16 орта мектептің 7-сыныбында оқиды. Ортаншы ұлы Алан – 3 жаста, кенжесі Тамерлан – бір жарым жаста. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен Гүлнат Қанатқызы балаларының тәрбиесіне әрдайым ерекше көңіл бөлуге тырысатынын айтады.
— Мен үшін отбасым — ең басты құндылық. Жұмыс қаншалықты жауапкершілік жүктесе де, үйге келгенде бар ойым балаларымда болады. Олардың жанында көбірек болуға, тәрбиесіне көңіл бөлуге тырысамын. Сонымен қатар, біз әскери тәртіпті сақтап, ар-намыс кодексін ұстанып, заңды біліп қана қоймай, соған сай өмір сүруіміз керек. Өмірлік ұстанымым — қандай жағдайда болмасын бақытты болу және ұрпаққа үлгі болу, — дейді ол.
Назгүл Кенжебаева

Қостанай облысы Наурызым ауданының тумасы – Назгүл Кенжебаеваның ішкі істер органына келгеніне биыл бес жыл толды. Осы уақыт ішінде ол өзінің еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен көзге түсіп келеді.
Осы қызметке қалай келгенін Назгүл былай деп әңгімеледі: «Мектепте оқып жүрген кезімде Қостанай қаласындағы кадет мектебінен шақырту алдым. Бірақ анам мені «Әлі кішкентайсың», – деп жібермей қойды. Содан бері әскери қызметке түсу, әскери маман болу менің арманым еді. Бұл арманымды 2021 жылы жүзеге асырдым».
Әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктер бар. Мұның игілігін кейіпкеріміз де көріп отыр. Н.Кенжебаева бұл қолдаудың, әсіресе, жас отбасыларға үлкен көмек екенін айтады.
Назгүл – табиғатынан белсенді, көңілді адам. Ол тек жұмыста ғана емес, спортта да жетістіктерге қол жеткізген. Мектеп жасынан жеңіл атлетикамен айналысып, жүзу секцияларына қатысқан ол спорттық жарыстардан жүлдесіз қайтпайды.
– Әскери қызметкерлер арасындағы жарыстар мен эстафеталар маған жақсы мотивация береді. Сонымен қатар, колледжде оқып жүргенде бильярд ойнауды өте ұнататынмын. Қазір ол менің сүйікті ісіме айналды, – дейді Назгүл Әнуарқызы. – Ол мен үшін жай ғана ойын емес, бильярд ойнағанда жаным тынығады.
Әр адамның өз мақсаты, арманы болады емес пе. Назгүл алдағы уақытта әлемді аралауды армандайды. Оның арманына жету жолында тек еңбек пен табандылық қана маңызды.
Жұлдыз Теміржанова

Жұлдыз Теміржанова – қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген жан. Ол Ерейментауда дүниеге келді. Ал білім жолын Екібастұз қаласындағы колледжде жал-
ғастырып, кейін жоғары білім алды. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Жұлдыз бұған дейін төтенше жағдайлар басқармасында жұмыс істеген-тін. 2022 жылдан бері Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 2-ші полиция батальонында қызмет атқарып келеді. Әскери тәртіп пен жауапкершілік талап етілетін салада табандылық танытып жүрген ол өз ісіне адал маман ретінде әріптестері арасында сыйлы.
Жұлдыз Серікқызы – спортты серік еткен жан. Ол волейбол ойнағанды ұнатады. Ұлы мен қызы да спортқа жақын. Бірі – футбол, екіншісі волейбол ойнайды. Кейіпкеріміз балаларына тек сөзбен емес, іспен үлгі болуды жөн санайды. «Баланы емес, өзіңді тәрбиеле» деген қағиданы ұстанатын ол ұрпағына өз әрекеті арқылы өнеге көрсетуді маңызды көреді. «Сабақтары жаман емес. Болашақта жақсы мамандық иесі болса деймін. Ең бастысы, мамандықты жүрегімен таңдаса екен», – дейді шын пейілмен.
Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Кейде кейбір дүниелерге уақыт жетпей жататыны рас. Дегенмен Жұлдыз уақытты тиімді ұйымдастыруға тырысады. Балаларының сабағы мен тәрбиесіне көңіл бөліп, өзіне де уақыт табады. Демалыс күндері фитнеске барып, салауатты өмір салтын ұстанады.
«Әскери адам сымдай тартылып, сымбатты болғаны дұрыс, сонда әскери форма да жарасады. Сондықтан дұрыс тамақтану қағидаларын сақтаймын», – дейді ол.
Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурызды Жұлдыз отбасы ортасында қарсы алады. Шағын дастархан жайып, өзі пісірген тәттілерді ұсынады. Торт пісіру – оның сүйікті ісінің бірі. Бұл күні ұлы мен қызы аналарына сыйлық жасауға асығады. Әсіресе асханаға берілген ақшасынан үнемдеп, тосынсый жасаған сәттері ана жүрегін ерекше елжіретеді.
– 8 наурызда барша аруларды шын жүректен құттықтаймын! Денсаулық, көктемдей нәзіктік тілеймін! Еліміз бейбіт, жеріміз тыныш болсын! – дейді Жұлдыз Теміржанова сөз соңында.
Әскери қызмет пен ана болу міндетін үйлестіре білген Жұлдыз сынды арулар – қоғамның шынайы тірегі.
Мөлдір Букаева

Екібастұз қаласының тумасы – Мөлдір Букаева Қарағанды көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінде құқықтану мамандығын меңгерген. Бүгінде мамандандырылған күзет қызметі басқармасының №2 полиция батальонында қызмет етіп жүрген Мөлдір Серікқызының міндеті – аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды қарумен күзету.
Әрине, әйел заты үшін бұл – ауыр жұмыс, темірдей тәртіпке бағыну керек. Десе де Мөлдір өз жұмысын сүйіспеншілікпен атқарады. Жұмысына қуанып барады, үйіне қуанып қайтады. Себебі үйінде оны болашақтың батырлары – екі ұлы күтіп отырады. Үлкені – Мұхаммед №36 лицей-мектебінің 4-сыныбында оқыса, кіші ұлы балабақшаға барады.
Адамның өмір салтына кәсібі де әсер етпей қоймайды ғой, Мөлдірдің үйінде, мәселен, қалыптасқан күн тәртібі бар.
– Анам: «Біздің үй казармадан кем емес, бәрі уақытымен жүреді, ұйқы – 22.00-де» деп қалжыңдайды. Десе де шындығы – осы. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» деген сөзі – менің өмірлік қағидам. Тәртіп пен талап ешқашан адастырмайды деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Бос уақытында погонды сұлу табиғатта серуендегенді, саяхаттауды ұнатады, үйдегі ұнатып істейтін ісі – кондитерлік өнімдер әзірлеу.
Қоғамдағы тәртіп пен бейбітшілік жолында тер төгіп, нәзік иығымен ердің жүгін көтеріп жүрген Мөлдірдің барлық арман-мақсаттары перзенттерінің болашағымен байланысты. «Мені еш себепсіз жақсы көріп, іздейтін жалғыздарым балаларым деп білем», – дейді ол.
Диана Муштаева

Диана Муштаева – бүгінгі заманда аса қажет мамандық болып саналатын психолог кәсібінің иесі. Бұл – құқық қорғау саласына аса қажет мамандық, өйткені сақшылар үшін сабыр мен салқынқандылық – бірінші орында.
1987 жылы Шарбақты ауданының Шегірен ауылында дүниеге келген Диана Рыспайқызы Инновациялық Еуразия университетін психолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Батальонда қызмет еткеніне 10 жыл болды.
Оның күнделікті жұмысы қызметкерлермен тікелей қарым-қатынаста өрбиді. Қызметтік міндеттерінің бір парасын психологиялық кеңестер беру, құқық қорғаушылармен тренингтер ұйымдастыру сияқты жұмыстар құрайды. Мұндағы негізгі мақсат – ұжымды ұйыстыру, қолайлы адамгершілік-психологиялық ахуал қалыптастыру.
Әлбетте, психолог болғандықтан, өз мінезі де мамандығына сай ашық және сабырлы. Кез келген адаммен тіл табысу өмірлік хоббиі сияқты.
Диана – аяулы жар, екі сүйкімді перзенттің анасы. Жұмыстан тыс уақытта ол мамандығын дамытуға септігін тигізетін клубтарға барады, психология саласы бойынша өзін-өзі дамытумен айналысады. Психология – ол үшін кәсіп қана емес, тұтас творчество, өмірді тану соқпағы. Бұл соқпақта игерілмеген құпия әлі де көп. Диананың бұл тылсым жолдағы ізденістері біздің бейбіт өмірімізбен де ұштасып жатқанын естен шығармайық.
Әйгерім Каримова

Әйел адам қай салада жүрсе де өзіне тән нәзіктігі мен мейірімін жоғалтпайды. Бүгінде еліміздің қауіпсіздігін күзетіп, ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жүрген арулар аз емес. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін арулардың қайсарлығы, табандылығы мен адалдығы — болашақ ұрпаққа үлгі.
Әйгерім Каримова 2018 жылдан бері мамандандырылған күзет қызметінде еңбек етіп келеді. Ол Павлодар техникалық колледжінде радиоэлектроника және байланыс мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде өз саласында табысты қызмет етіп, кәсібилігімен ерекшеленіп жүр.
— Біздің жұмысымыз ең алдымен мұқияттылық пен қырағылықты талап етеді. Мемлекеттік нысандарды күзету — үлкен жауапкершілік. Кезекшілік кезінде тәулік бойы сергек болып, айналадағы жағдайды бақылап отыру — міндетіміз. Бұл оңай емес, бірақ өз ісін сүйетін адамға кез келген қиындықты еңсеруге болады, — дейді ол.
Әйгерім үшін отбасы — ең басты құндылық. Жұмыс қаншалықты жауапкершілік жүктесе де, отбасына оралғанда көңілі сергиді. «Балаларым — менің ең басты мотивациям», — дейді ол.



