Қайырымдылық жасау ізгілік қадам екенін үндей білген халқымыз: «Жақсылық жасасаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр» деген екен. 2 наурыз күні «Кереге» дәмханасына ауызашарға жиналған қауым «Харекет» қайырымдылық қорының мұқтаж отбасына жасаған жақсылығын көріп дән риза болды.
Сөз еткелі отырған оқиға қасиетті Рамазан айы ішінде болуы да қайырымдылық шарасының мән-мазмұнын байытып, ауызашар дастарханында бас қосқан жұрт рухани азық та алды.
– Айтамыз жарапазан ауылыңа,
Таудай қып тайлақ мінген қауымыңа.
Жігіттер, намаз оқы, ораза тұт,
Пейіштің қолың жетер қауымына, – деп, «Екібастұз серілері» тобы жарапазан айтып, Екібастұз билер алқасының төрағасы Жұмажан Паруов аруақтарға құран бағыштап, «Харекет» қайырымдылық қорының Павлодар облысындағы өкілі Аманжол Иренге бата берді.
Осы орайда, «Харекет» қайырымдылық қоры жайлы баяндай кетудің реті келіп тұр.
– Бүгінгі күні барша қазақстандықтарға мәшһүр болған «Харекет» қоры осыдан сегіз жыл бұрын құрылған еді. Негізгі мақсаты – үй-күйі жоқ жетім-жесірлерге, мүгедек жандарға, көпбалалы отбасыларға баспана сатып әперу үшін қаражат жинау. Бұл міндетті қор абыроймен атқарып келеді. Сегіз жыл ішінде 1600-ден астам әлгіндей отбасы баспаналы болды. Павлодар облысы көлемінде 18 отбасына пәтер сатып әперілді. Қайырымдылық қорына үн қосып жүрген екібастұздық кәсіпкерлер мен қарапайым адамдар да баршылық. Олардың бәріне ризашылық білдіреміз, – деген Аманжол Ирен жомарт жандар – Мұхаммед Жұманайұлы, Майрагүл Мұхит, Гүлнәр Райымбекова, Марат Танашбеков, Қанағат Жаңбырбаев, Темірлан Есенкелдіұлы және т.б. алғыс хаттар табыс етті.
Мұндай марапат қордың Ақсу қаласындағы өкілі Гүлмира Бейсембекова мен Екібастұздағы өкілі Айгүл Құрметханқызына да бұйырды. Осыдан кейін Асхат Аманкелді, Арман Рай Жаратқан иемізге мадақ айтылған әндерді шырқап, жиналған қауым LED экранға назар аударды.
Экраннан пәтер жалдап тұрып жатқан Жаңыл апа Жуанышеваның отбасы көрсетілді. Бірнеше ай бұрын тар пәтерде сығылысып отырған ошарлы жанның хал-ахуалымен танысқан «Харекет» қорының өкілдері: «Апа, уайымдамаңыз, бұйыртса, баспаналы боласыз», – деп үміт отын жағып, уәде берген екен. «Уәде – Құдай сөзі» демекші, жақсылық жасауға жаны құштар азаматтар сөзінде тұрып, ауызашар үстінде Жаңыл апа Жуанышеваға үш бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.
Зағип Жаңыл апаның көзі жасаурап, «Харекет» қоры атына алғысын жаудырып, қайта-қайта иілді. Аталмыш отбасы сонау 1994 жылдан бері үй-күйсіз жүр екен. Жалдамалы пәтерде апа, екі қызы, төрт жиені бірге тұрып, тұрмыстың мехнатын әбден тартыпты. Жиендерінің де денсаулықтарында кемдік бар көрінеді.
Айтпақшы, іле-шала LED экраннан сыйға тартылған үш бөлмелі кең де жарық пәтердің іші көрсетілді. Пәтерге жөндеу жүргізіліп, жиһаз бен тұрмыстық техника қойылыпты. Қысқасы, қараған адамның көзі тояды.
Негізі, «Харекет» қайырымдылық қоры бұған дейін де бірнеше екібастұздыққа пәтер сыйлаған екен. Ауызашарда сол отбасылар да болды.
– 2025 жылдың 20 тамызы күні қуанышымыз қойнымызға сыймады. «Харекет» қоры Кеншілер көшесінен бізге үш бөлмелі пәтер сыйлады. Күйеуім өмірден өткен, 3 кемтар баланы бағып-қағып қиналып жүр едім, ғайыптан жақсылыққа кенелдім. Жақсылық жасауға пейілді адамдардың басын біріктірген «Харекет» қорына алғысым шексіз, – деді әңгімесінде Нұргүл Бекболатова.
Сөзіміздің соңында «Харекет» қорына ізгі ісінің жемісті болуын тілейміз.
Ж.Жәлелұлы




