Қоғамдық тәртіп сақшылары қайратты болуы керек. Ол үшін, әрине, спортпен шұғылданған абзал. Бұл орайда, әсіресе, күрес түрлерінің жөні бөлек болғандықтан, былтыр қазақ күресінен «Полиция барысы» турнирін өткізу алғаш рет қолға алынған еді. Енді, міне, сол турнир дәстүрлі жарысқа айналып, биыл тағы ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 27 ақпан күні «Жасыбай» спорт сарайында Павлодар облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен аталмыш турнир өткізіліп, оған Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Павлодар облысы аудандарының командалары қатысты.
Айта кететін жайт, жарыс қожайыны болып табылатын Екібастұз қалалық полиция басқармасы турнирге қапысыз әзірленген екен. «Қазақстан барысы» турниріндегі тәрізді, спорт залдың екі бүйіріне киіз үйлер тігіліп, көрнекті баннерлер ілініпті. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табыс етілетін кубоктар, белдіктер мен медальдар әсемдігімен көздің жауын алып тұр. Ал палуандардың кілемге иықтарына қасқыр терісін жамылып айбарлана шығуы әлгі сән-салтанатты тіптен әсерлі етіп жіберді.
– Бүгінгі турнирге 70-тен аса палуан қатысып отыр. Тәртіп сақшылары спортпен шұғылданып, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып жүр. Спорт шынықтыруға қоса, адамға рух береді. Ал патриоттық сезім әрдайым лаулап тұруы тиіс, – дей келе, қала әкімі Аян Бейсекин «Полиция барысы» турнирін қолға алған Павлодар облыстық полиция департаменті басшылығының атына ризашылық білдіріп, палуандарға жарыста сәттілік тіледі.
Бұдан кейін спортшыларды Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев құттықтап, «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толуына орай қала әкімі Аян Бейсекинге, полиция қызметінің ардагері Бибігүл Асқарқызына, Олжас Тілеубергеновке, Ринат Махмутовқа және Еркебұлан Егінбаевқа мерейтойлық медальдар табыс етті.
Екібастұз қалалық полиция басқармасының қызметкері, лейтенант Мәдина Тілеубекова «Туған жер» әнін айтып, полиция ардагері, полковник Болатбай қажы Әбенов палуандарға бата берді. Осыдан соң бозкілем үстіндегі белдесулер басталып кетті. Осы тұста оқырманға жарыс ережесі жайлы түсінік бере кету қажет болып тұр.
Турнир екі бөліктен құралды. Жедел әрекет ету арнайы жасағында қызмет етушілер мен жай полицейлер жеке-жеке өнер көрсетіп, ең соңында «Полиция барысы» белдігі үшін тоғыспа белдесулер өткізілді. Сонымен қатар, палуандар көрсеткіштері есептеліп, командалар нәтижелері анықталды.
Сонымен, жедел әрекет ету арнайы жасағында өз салмақ дәрежелерінде Қасиет Бейсекин, Кенжебек Асылбеков, Сұлтан Кәкенов, Еркебұлан Егінбаев, Дияр Ғабдыл-Қадыр жеңімпаз атанса, жай полицейлер арасында Медет Құдайбергенов, Олжас Барлаухан, Сұңқар Ибраев, Шаризат Нөгербеков, Айтжан Қабиболла, Қанағат Кәкенов және Еркебұлан Сапарғали жеңіс тұғырына көтерілді. Ал жеңімпаздар арасындағы тоғыспа белдесулерде 60 кило салмақта Медет Құдайбергенов, 66 кило салмақта Қасиет Бейсекин жеңіске жетті. 74 кило салмақта Қанағат Ыдырышевтың, 82 кило салмақта Кенжебек Әділбековтің мерейі үстем болды.
90 кило салмақта екібастұздық Айтжан Қабиболла арнайы жасақ палуаны Сұлтан Кәкеновті жартылай жеңіс ұпайымен ұтты. 100 килодан жоғары салмақ дәрежесінде Еркебұлан Сапарғали Дияр Ғабдыл-Қадырдың жауырынын жерге тигізді. Жиналған қауым 100 кило салмақтағы тоғыспа белдесуді тағатсыздана күткен-ді. Өйткені бұл жолы екі мықты палуан кілемге шықты. Біреуі – арнайы жасақ қызметкері, әйгілі палуан Еркебұлан Егінбаев, екіншісі – екібастұздық полиция қызметкері, белгілі палуан Қанағат Кәкенов. Бұрын да бір-бірімен бірнеше мәрте күрескен екі палуан кілемде біразға дейін аңдысып, әдіс жасауға мүмкіндік бермеп еді, дегенмен Еркебұлан оңтайын тауып Қанағатты жығып кетті.
«Полиция барысы» турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері белдіктер, дипломдар, медальдар, ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды. Ал командалық есепте І орынға екібастұздық полейцейлер қол жеткізді. ІІ орын ІІМ оқу орталығы командасына, ІІІ орын Баянауыл аудандық полиция басқармасы командасына бұйырып, кубоктар тапсырылды.
Ж.Жәлелұлы





