Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Бекпаева инфекциялық аурулардың қазіргі ахуалы туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, 2025 жылы туберкулез бойынша жағдай біршама тұрақтанған. Сырқаттану деңгейі 39,13 пайызға төмендеп, жыл ішінде 38 жаңа жағдай тіркелген (2024 жылы бұл көрсеткіш 63 болған). 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 26,08-ді құрап, өткен жылғы 42,85 көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Ең бастысы аса ауыр, асқынған туберкулез жағдайлары тіркелмеген.
Дегенмен балалар арасында тіркелген деректер эпидемиологиялық ахуалдың әлі де өзекті екенін көрсетеді. Қаладағы екі мектепте 14 және 15 жастағы жасөспірімдерден туберкулез анықталған. Ауруға шалдыққандардың әлеуметтік құрамында жұмыссыз азаматтар басым – 44,7 пайыз (17 адам). Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлері – 29 пайыз (11 адам), зейнеткерлер – 13,1 пайыз (5 адам), қызметшілер – 5,3 пайыз (2 адам) және балабақша қызметкері – 2,6 пайыз (1 адам).
Туберкулез негізінен өкпені зақымдайтын жұқпалы ауру болғанымен, сүйек, бүйрек, тері секілді мүшелерге де әсер етуі мүмкін. Ауру негізінен ауа-тамшы жолымен жұғады. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе қатты сөйлегенде ауаға тараған ұсақ тамшылар арқылы инфекция сау адамға беріледі. Сонымен қатар, ауа-шаң және тұрмыстық байланыс арқылы жұғу ықтималдығы бар. Балаларда, әсіресе, алғашқы төрт жылда инфекция асқазан-ішек жолы арқылы да таралуы мүмкін. Екі аптадан астам уақытқа созылған жөтел, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, кеуде тұсының ауыруы, түнгі тершеңдік және дене қызуының көтерілуі байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.
Брифинг барысында екпе арқылы алдын алуға болатын инфекциялар мәселесі де қозғалды. 2025 жылы профилактикалық екпемен қамту деңгейі 82-92 пайыз аралығында болған. Ал ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бұл көрсеткіш кемінде 95 пайыз болуы тиіс. Қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе 1 жастағы балаларда – 85,6 пайыз, 6 жастағы балаларда 83,2 пайыз деңгейінде орындалған.
– 2026 жылдың қаңтар айында вакциналау қарқыны одан әрі төмендеді. Жалпы қамту көрсеткіші 3,0-5,7 пайыз аралығында. Қызылшаға қарсы екпе және ревакциналау 1 жастағыларда – 5,0 пайыз, 6 жастағы балалар арасында 4,3 пайызды құрады. Ал оңтайлы айлық көрсеткіш
8 пайыз болуы тиіс. Екпемен қамтудың төмендігі салдарынан қызылша, көкжөтел және А вирусты гепатиті бойынша жағдай шиеленісе түсті, – дейді Бақыт Бекпаева.
Мәселен, ата-анасының бас тартуына байланысты вакцина алмаған 2023 жылы туған балада көкжөтел тіркелген. Биыл қаңтар айында қала мектептерінің бірінде 1-сынып оқушысынан А вирусты гепатиті анықталды. Сыныптағы 25 оқушының 12-сі гепатитке қарсы екпе алмаған.
Қызылша дерті де алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Жыл басынан бері республикада 3 343 жағдай тіркелген, оның басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауруға шалдыққандардың 77,6 пайызы екпе алмаған. Ақпан айындағы мәліметке сәйкес өңірде 16 жағдай расталған. Оның 15-і – балалар: сегізі ата-анасының бас тартуына байланысты, ал жетеуі жасының толмауына байланысты вакцина алмаған. Өткен жылы қалада 4 жағдай тіркелген болатын.
Мамандардың айтуынша, қызылша жай ғана бөртпемен шектелмейді. Ол – өкпе қабынуына, тіпті ми қабынуына әкелетін ауыр инфекциялық ауру. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты қосымша иммундау шаралары жүргізілуде. Дегенмен мамандар инфекциялық аурулардың алдын алудың басты тетігі уақытылы екпе алу және профилактикалық тексеруден өту екенін атап өтті. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, екпеден бас тартпауға шақырады.
Ділназ Серікбай





