2020 жылдан бастап Қазақстанда медициналық қызметтер екі санатқа бөлінгені белгілі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін көмек. 28 ақпан күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте №2 емхананың жалпы тәжірибе бөлімшесінің меңгерушісі Бекзат Исенова еліміздегі медициналық көмек жүйесі туралы әңгімеледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі еліміздің барлық азаматтарына және кейбір шетелдіктерге сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. Бұл көмек шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық жәрдемді, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулар кезіндегі алғашқы көмек көрсетуді, сондай-ақ, профилактикалық екпелерді және адам өміріне қауіп төнген жағдайдағы жәрдемді қамтиды.
Көпшілікке таныс МӘМС жүйесі тек сақтандырылған тұлғаларға: ресми жұмыс істейтіндер, кәсіпкерлер және мемлекет тарапынан сақтандырылатын арнайы топтар үшін қолжетімді. Бұл жүйе пациенттерге тар бейінді мамандарға қаралу, диагностикалық және зертханалық талдаулардан өту, жоспарлы стационарлық ем алу мүмкіндігін береді.
Медициналық қызметтерді толық пайдалану үшін әр пациент өз тұрғылықты мекенжайына бекітілген емханаға тіркелуі тиіс. Тіркелу процесі емхананың өзінде, халыққа қызмет көрсету орталығында немесе «Электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асады.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары жұмыс күндері таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, сенбі күні 14.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Дәрігерді үйге шақыру қызметі жұмыс күндері сағат 18.00-ге дейін, сенбі күні 12.00-ге дейін қолжетімді. Айта кетерлігі, әр пациент дәрігер қабылдауына алдын ала жазылуы тиіс. Егер азамат емханаға бір жыл ішінде бірінші рет жүгінсе, алдымен дәрігерге дейінгі кабинетте бойы, салмағы және қан қысымы өлшенеді әрі ерлер мен әйелдердің тексеру кабинетінен өту міндетті. Барлық деректер жеке медициналық картасына енгізіледі.
Қазіргі таңда медициналық көмек көрсетуде жүкті әйелдер, 5 жасқа дейінгі балалар және созылмалы аурулары бар адамдарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, артериялық гипертензия, қант диабеті және жүрек аурулары бар пациенттер үшін «Денсаулықты басқару бағдарламасы» енгізілген. Бұл бағдарлама пациенттерге өз денсаулығын қадағалауды үйретеді, ал медбикелер қауіп деңгейіне қарай науқастарды айына бір рет немесе тоқсан сайын тексеріп, жағдайларын бақылап отырады.
Атап өтерлік жайт, елімізде былтыр денсаулық скринингінің бағдарламалары жаңартылды. Скринингке қатысу жасы 76 жасқа дейін ұлғайтылды, бұл профилактикалық бағдарламаларға егде жастағы адамдарды да көбірек тартуға мүмкіндік береді. МӘМС-ке жасы елуден асқан ерлерге арналған жаңа скрининг енгізілді: брахиоцефалиялық тамырлардың ультрадыбыстық зерттеуі, екі жылда бір рет.
Онкоскринингтердің барлық кезеңі ТМККК шеңберінде барлық азаматтарға қолжетімді, яғни, ол МӘМС-ке «байлаулы» емес.
Ділназ Серікбай





