17-20 ақпан аралығында Қарағанды қаласында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтті. Білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар қатысып, ғылыми ізденістерін қорғады.
Аталған байқауға тарих, адам және қоғам, өлкетану, этномәдениеттану, тіл білімі және әдебиет секциялары бойынша 293 жоба ұсынылып, барлығы 370 оқушы бақ сынады.
Павлодар облысынан облыстық кезеңнің 16 жеңімпазы мен жүлдегері 13 жобаны қорғаған болатын. Олардың қатарында Екібастұз қаласының оқушылары да бар. Нәтижесінде жерлестеріміз жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, өңір мерейін үстем етті.
Адам және қоғам секциясында қаламыздағы «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлбану Жаналиева (жетекшісі – Әлия Темірханова), тіл білімі секциясында №1 мамандандырылған лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы Регина Королева (жетекшісі – Лариса Харламова) үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль мен І дәрежелі диплом иегері атанды. Тіл білімі секциясында «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Аружан Дарханқызы (жетекшісі – Айнагүл Айтжанова) қола медаль және ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Бұл жеңістер мұғалімнің жүйелі білім беруі мен шәкірттің тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.




