«Өнер – таусылмас қазына, жұтамас байлық» дейді дана халқымыз. Қазақ қолөнері – өзінің көркемдік мән-мағынасымен ғасырлар талғамынан өткен асыл мұра, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан туған рухани байлықтың қайнар көзі. Бұл өнер ұлттың болмысын айшықтап, тамыры терең тарихтан сыр шертеді. Он саусағынан өнері тамған шеберлердің туындыларынан жоғары талғам мен әсемдіктің нышаны анық байқалады.
Жақында Екібастұз қаласындағы «Достық үйінде» осынау асыл құндылықтарды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан «Ұлттық мұра» қолөнер студиясы ашылды. Бүгінде студия құрамында 25 шебер бар. Олар кесте тігу, тоқу, киіз басу, құрақ құрау, әшекей жасау, тоқыма тоқу және киім үлгісін пішіп тігу секілді сәндік-қолданбалы өнердің түрлі бағыттарын үйретеді.
Студия жетекшісі Гүлзира Шаблинаның айтуынша, орталықтың басты идеясы – жиған тәжірибені жастармен бөлісу және ұлттық өнерді заман талабына сай дамыту.
Шеберханада ұмыт болып бара жатқан киіз басу өнері де жаңа тыныс алуда. Мұндағы шеберлер дәстүрлі жүн түтуді заманауи тәсілдермен ұштастырып, сәнді бұйымдар жасауды қолға алған. Қазіргі уақытта студияда Наурыз мейрамына дайындық қызу жүріп жатыр. Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы жастықшалар, қолдорбалар мен тақиялардың небір әсем үлгілері әзірленуде.
Екібастұздық қолөнершілер бұған дейін де халықаралық деңгейдегі жобаларда бой көрсетіп үлгерген. Мәселен, Алматыда өткен құрақ фестивалінде 660 шебердің қатысуымен тігіліп, GBR рекордтар кітабына енген алып көрпеге біздің жерлестеріміз де өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, «Үміт» балалар үйіне жасалған қайырымдылық көмек пен Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне тарту етілген құрақ көрпелер шеберлердің қоғамдық істерде белсенді екенін көрсетеді.
Алдағы уақытта студия ұжымы Астанада өтетін «Көшен көрпе» шарасына, Өскемен қаласындағы құрақ көрпе фестиваліне қатыспақ. Сонымен қатар, ұлттық шапан тігуден жаңа рекорд орнатуды көздеп отыр.
Ал студияның ашылу салтанатында шеберлер өз туындыларын көрмеге қойып, келген қонақтардың ризашылығына бөленді. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ашылған жаңа орынға 100 000 теңгелік сертификат табыс етілді. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар бата беріп, жаңа бастамаға ақ жол тіледі. Бүгінде «Ұлттық мұра» студиясының есігі өнерге құштар әрбір жан үшін әрдайым ашық. Студия сейсенбі, бейсенбі және жұма күндері сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Ділназ Серікбай





