17 ақпан күні Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде көлік инженері, КСРО-ның ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Василий Гаврюшиннің туғанына 95 жыл толуына арналған «Елін еңбегімен тәнті еткен» («Труд, признанный страной») атты еске алу кеші өтті.
Көмірлі өңірде есімдері дәуір символына айналған тұлғалар аз емес. «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, Ленин орденінің иегері, өмірі көмір өнеркәсібі саласында өрілген жерлесіміз Василий Фролович Гаврюшин – солардың бірі.
Василий Гаврюшиннің кәсіби жолы көмір саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде және өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарған Солтүстік жүк тиеу-көлік басқармасымен тығыз байланыста өтті.
Василий Фролович 1931 жылғы 15 ақпанда Рязань облысы Скопинск ауданының Секирино селосында туды. Екібастұзға №1 Ертіс көмір кеніші көлік цехының бас инженері болып 1952 жылы ауысып келді. 1957 жылы Солтүстік жүк тиеу-көлік басқармасы құрылып, Василий Гаврюшин сонда басшы болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін еңбек етті.
Оның қоластындағы Солтүстік жүк тиеу-көлік басқармасының ұжымы Екібастұз көмір бассейнінің дамуына қомақты үлес қосты. Жылдық өнім көлемі 2-ден 69 миллион тоннаға дейін өсті. Екібастұз көмір ошағындағы теміржол көлігінде паровозбен тарту электровозбен және тепловозбен тартуға ауыстырылып, көмір жинау станциялары бағыттағыштар мен дабылдарды электрлі орталықтандыру құрылғыларымен жабдықталды, сонымен қатар, ірі көлемді жүк думпкарлары енгізілді және депо мен станциялар реконструкцияланды.
Теміржол көлігінің техникалық қайта жарақталуы, жаңа техниканың тиімді қолданылуы, еңбек өнімділігін арттыру шараларының жүзеге асырылуы 9-шы бесжылдықта жүк тиеу-көлік басқармасы жұмысының көрсеткіштерін айтарлықтай көтеруге мүмкіндік берді. Гаврюшиннің ұсынысымен «Трудовая» станциясының дабыл, орталықтандыру және блоктау жүйесі мен жол сызбалары реконструкцияланып, бұл станцияның өткізу қабілетін арттыруға және теміржол вагондарындағы механикаландырылған сынама алу жұмысын қамтамасыз етуге жол ашты.
Василий Фролович қоғамдық жұмысқа да белсенді араласып, Қазақстан КП Екібастұз қалалық комитетінің мүшесі, қалалық жұмысшылар кеңесінің депутаты, депутаттар тобының төрағасы болып, т.б. қызметтерді атқарды.
1978 жылы Василий Гаврюшин ғылым мен техника саласындағы «Құрылымы күрделі Екібастұз кен ошағының тас көмірін роторлы техника көмегімен ірі көлемде, жоғары тиімділікпен өндіру» еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығымен наградталды.
Василий Фролович 1983 жылғы 15 тамызда – небәрі 52 жасында дүниеден озды.
Халық депутаттары қалалық кеңесінің 1987 жылғы 28 шілдедегі шешімімен Екібастұз қаласының 14-Северный шолақ көшесіне Гаврюшин есімі берілді.
Музейде өткен кешке қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, көмір өнеркәсібінің ардагері, «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері Иван Дубинин, Василий Гаврюшиннің ұлы Константин Васильевич қатысып, кенші туралы сыр шертті. Шараны «Славяночка» хоры әнмен әрледі.
Ж.ӘБДІКӘРІМ





