22 ақпан күні кешкісін Астананың дәмханасында отырып Екібастұзға жеткізетін такси іздедім. Тапсырыс бергенім сол-ақ екен, бірден жас жігіт (кейін білсем,1993 жылы туған екен) хабарласты. Сағат 17.35-терде жарқыраған «Kia Sorrento» көлігінің алдыңғы орындығына жайғастым. Астанадан Екібастұзға таксимен жетудің орташа ақысы – 7 000 теңге. Таксиші жігіт кешкі сегіздерге дейін сәлемдеме жинады. Рас, жолаушылардан жолы бола қоймады: бірі бас тартуда, енді бірінің мекенжайы алыста болып шықты. Біраздан соң артқы орындыққа ұлты армян азамат отырды. «Тағы кісі аласыз ба?» – деген сұрағыма таксиші: «Шығаберістен жолшы-бай екі адам ала кетемін», – деді. Әлгі «шығаберіс» деген жеріне келіп ұзағырақ тұрып қалдық. «Қозғалатын түрің бар ма? Болмаса, мен басқа такси іздеймін», – деп ескерттім жүргізушіге, қалай болғанда да үш сағат сабылыс оңай емес қой, өзім таңғы 5-тен жолда жүрген адаммын. «Сағат 19.50-де келетін автобустан екі өзбекті күтіп аламын», – деді ол. Автобустың келер түрі көрінбейді, сағат болса сегізден асып кетті. Автобустан хабар болмаған соң, таксиші орнынан қинала қозғалды.
Жол боран, түк көрінбейді, алда келе жатқан көлік жарығы көзге әрең ілінеді. Бірақ ауа райының қолайсыздығы таксишінің қаперіне кіретін емес. Телефонын рөлдің үстіне қойып алып, самбырлап келеді. Дыбыссыз режим болса кәні, мазаны да алып отыр. Бірақ бүгінгі таксиші атаулыда «жолаушының мазасын алып отырмын-ау» деген алаң, ой, этика атымен жоқ қой. Шекілдеуік шағып отыратындары да аз емес. Телефонын қоятын түрі көрінбеген соң таксишіге: «Сен неге мынадай боранда жолға қарамай, телефоныңмен алысып келесің?» – деп едім, әлгім: «Сіз неге маған мән үйретесіз? Мен онсыз да сіз үшін екі өзбекті алмай кетіп барамын!» – демесі бар ма! Астананың көшелерінде зая кеткен үш сағатым оған аз көрінсе керек. «Мен сенің өзбектеріңді түні бойы тосуға міндетті емеспін! Телефонмен сөйлескеніңді видеоға түсіріп алдым, айыппұл салғызамын!» – дегеніме тіпті көтеріліп кетті. Көлікте басқа жолаушы болмаса, ұрып жіберуден тайынбайтындай. «Сен мені өйтіп шантаждайтын болсаң, мен сені Новомарковкадан түсіріп кетемін!» – деп доқ көрсетті. «Түсіріп көр, ертең көзіңе көк шыбын үймелетемін!» – деп, мен де жеңілер емеспін.
Осылайша, таксиші мені боранды күні айдаладағы Новомарковка елді мекенінің жанармай құю бекетінен түсіріп кетті.
Мен саспастан басқа таксиге тапсырыс бердім. Содан соң полицияның «102» нөміріне қоңырау шалып, сол жердің полициясына таксишінің мені жолға тастап кету фактісін тіркеттім. Таксишінің мені тастап бара жатқанын видеоға түсіріп алғанмын. Онымен ватсаптағы хат алысқан жазбамды, видеоайғақтарды қосып, полицияға шағым түсірдім.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 591-бабының талаптары жүргізушінің (соның ішінде таксишінің) арнайы құрылғысыз – яғни, дыбыс қатайту құралдарынсыз, құлаққапсыз телефон қолдануына тыйым салады – мұны бәріміз білуіміз керек. Бапта нақты былай жазылған: «1. Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ескертпе. Көлiк құралын басқару кезiнде телефонды не радиостанцияны тыңдауышты немесе қатты дауысты байланысты қолдану арқылы пайдалануға рұқсат етiледi». Мұндағы 5 АЕК дегеніміз – 21625 теңге айыппұл.
Кез келген жолаушы заңға бағынбайтын бейбастақ таксишінің әрекетін телефон камерасымен видеоға түсіріп, полицияға жолдай алады. Видеоға түсіргенде, бірнеше түсірілім жасаған жөн және ол жүргізушінің рөлде келе жатып телефон қолданғанын айқын көрсететіндей, яғни, бұлтартпастай мазмұнда болуы керек.
Менің шағымыма Павлодар облысының полиция департаменті мен Екібастұз қаласының полиция басқармасы бірден назар аударып, таңертеңгісін таксишіні тауып алып, шара қолданды. Шара қолданғанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 463-бабы шеңберінде айыппұл кесті. Айыппұл сомасы – 65 мың теңгеге жуық. Ал 463-бап «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» деп аталады. Таксишінің қайсыбірі мемлекетке табысынан салық төлеп жүр дейсіз? Бұл да салықтан жалтаратындар қатарынан болып шықты.
Неге екені белгісіз, таксишінің көпшілігі – ескертуге құлақ аспайтын, жүйкесі тозған, жолаушыны адам құрлы көрмейтін агрессиялы адамдар. Ешқашан өз әрекетін қате деп санамайды. Бір қызығы, менің айдалада түсіп қалғанда түсірген видеомды әріптестеріміз ақпараттық сайттардың біріне жариялаған екен, оны оқып, пікір білдірген ер азаматтардың 95 пайызы: «Түсіріп кеткені сауап болған екен!», «Аузыңды жауып отыруың керек еді!», «Мен де талай адамды жолда түсіріп кеткем», – деп, «ерліктерін» жарыса паш етіпті. Осылардың басым көпшілігі Құдайды алдап, айналаны алдап өтірік ораза тұтып жүргеніне дау жоқ. Пейіл, ниеттері жаман. Аузын ашқан адамға өшпенділікпен қарап, далада қалдырғаннан ләззат алатындарын ашық білдіріп отыр. Әрине, оған менің ештеңем кеткен жоқ. Жергілікті (новомарковкалық) полиция: «Қай жерде тұрсыз?» – деп хал-жайымды сұрастырды, ал Фейсбукте Жұмабек Рахымбекұлы атты ереймендік азамат – «Отарқаның» оқырманы: «Жанаргүл, нөміріңді жаз, новомарковкадан азаматтар хабарласады», – деп жанашырлық танытып, тіпті маған қолдау көрсететін адамдарды да тауып қойған екен. Яғни, далада қалмайтыным анықтұғын. Ал әлгі пікір жазғыш елірме адамдар мына таксишінің 65 мың теңге айыппұлын төлеп бермейді ғой.
Әлеуметтік желілер мен сайттардағы ақпараттарды шолсақ, таксишіден мен сияқты жапа шегушілер аз емес екен. Олардың көпшілігі «бәрібір ештеңе шықпайды» деп, мәселені үнсіз жауып қалдыратынға ұқсайды. Қазір қай салада болмасын заң қатайып келеді және талаптары мүлтіксіз орындалуда. Сондықтан таксишілер телефонмен сөйлесіп немесе басқадай жағдайда өміріңізге қауіп төндірсе, ұрсысып-керіспей-ақ видеоға түсіріп, құқық қорғаушыларға тапсырыңыз. Өз құқыңызды таптатпаңыз. Оларды сіз боп, біз боп күндердің күнінде тәртіпке саларымыз күмәнсіз.
P.S. Автор сапар кезінде келеңсіз жағдай тудырған таксишіге жедел шара қолданған, сонымен қатар, өзіне моральдық қолдау көрсеткен Павлодар облысының полиция департаментіне, департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Жанар Беляловаға және Екібастұз қаласының полиция басқармасына алғыс білдіреді.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА





