Ақын, мәдениет қызметкері Жүрсін Бәтенұлы – Ертіс-Баян өңірінің өнері мен мәдениетін дамытуға ерен еңбек сіңірген тұлға. Сонау 2005 жылы небәрі 59 жасында бақилық болғанымен, артында жарқын істерін, әдеби шығармаларын қалдырып кетті. Ел іші «Жүкең» деп алақанына салып әс көтерген Жүрсін Бәтенов биыл 20 ақпанда, тірі болса, 80 жасқа толушы еді. Дәл сол 20 ақпан, яғни, туған күнінде «Атамұра» мәдениет орталығында еске алу кеші өткізіліп, оған марқұмды көзі көрген аға буын, есімін кейіннен білген жас буын жиналып, ақынның өлеңдері оқылып, татымды естеліктер айтылды.
Еске алу кешінде әуелі «Өшпейді ізің, өлмейді ісің расында…» деректі фильмі көрсетіліп, бала күнінен «талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеген» Жүрсін Бәтенұлының ұлтына сіңірген еңбегі баяндалды. Еңбек жолын Теңдік ауылында мұғалім болып бастаған ол біраз жылдан соң осы білім мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Одан соң Шөптікөл мектеп-интернатында қызмет етіп, 1982 жылы Екібастұз аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Жаратушы бойына ақындық қабілет, шығармашылық қуат берген Жүрсін Бәтенұлы әу бастан қазақ өнерін жүрегіне ұялатқан азамат еді. Отыз алты жастағы Жүкеңнің мәдениет саласындағы қызметіне кіріскенде жаңа тынысы ашылды. Ақыл-парасаты толысқан ол ақырын жүріп, анық басып, қырық атанға жүк боларлық ірі істерді жүзеге асыра білді. Екібастұз ауданының мәдениет бөлімі мен ауыл клубтары қызметкерелерін шоғы өшуге шақ қалған қазақ өнерін қайта жандандыруға жұмылдырды. Жүрсін Бәтенұлы мәдениет бөліміне басшылық жасаған 14 жыл Екібастұз өңірінде мәдениет пен өнердің өрге басқан жауһар кезеңі болды. Жүкең ел ішінде елеусіз жүрген Жәнібек Мәліков, Қаржау Ордабаев, Тілектес Қабдылов, Отанай Кәрімов, Қайролла Қожахметов сияқты жыршы-әншілерді, айтыс өнерін түлетіп, Қыдырбай Бекахметов, Тұрсынбай Олжабаев, Сабыржан Ахметов, Серік Құсанбаев тәрізді арқалы ақындарды қалың елге танытып, «Жүрсіннің ақындық мектебі» деген ұғым қалыптасты.
Жүкең ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеуді мақсат етіп, қазақтың қалғып кеткен сана-сезімін сілкіндірді. «Жігіт сұлтаны», «Келіндер сыны» сайыстары облыс көлемінде алғаш рет Екібастұз ауданында ұйымдастырылып, 1987 жылы тұңғыш рет Наурыз мейрамы тойланды. Білім бөлімімен бірлесіп жүзеге асырылған оқушылар арасындағы «Көктем гүлі» жобасы Ербол, Жанат Айтбаевтар, Амангелді Қожанов сияқты дарынды буынды жарқ еткізді.
Жүкеңнің ерекше бір қасиеті – маңайына өзімен мүдделес азаматтарды топтастырып, күш біріктіріп, ұлттың рухын көтерген игі істерге бастамашы болды. «Отарқа» газетінің редакторы Аманкелді Қаңтарбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Зейнолла Молдахметов пен Жүкең – ошақтың үш бұтындай үштаған құрап, ұлт руханиятының отын маздатты. Екібастұз аудандық партия комитеті хатшысы Қани Қайыровтың қолдауымен үшеуі ауыл-ауылда «Қазақ тілі» қоғам-
дарының құрылуына, жер-су атауларын байырғы қалпына келтіруге ұйытқы болды. Түйіндей айтқанда, Жүрсін Бәтенұлының жанкешті еңбегі мәуелі жемісін беріп, ол өмірден өткен соң, ісін ізбасарлары мен шәкірттері жалғастырды.
Жүкеңнің өмірбаяны толық болуы үшін 1996-1998 жылдары «Атамұра» мәдениет орталығының директоры, 2000-2002 жылдары қазіргі Қоянды ауылындағы №14 мектептің директоры, 2003 жылдан өмірінің соңына дейін қала әкімінің сол ауылдағы өкілі болып қызмет еткенін айту ләзім.
Жүкең Баянауыл ауданы қазіргі Мұса Шорманов ауылында туған. Еске алу кешінде әнші Марат Ахаев «Баяным» әнін орындаған соң, кеш жүргізушісі Жомарт Қабыкенов:
– Жүрсін ағаны алғаш рет 1992 жылы «Атамұра» мәдениет орталығынан көрдім. Ол уақытта сазгер Шәкен Рақышев жетекшілік еткен «Шалқыма» ұлт аспаптары ансамблі құрамында домбырада ойнаған едім. Жүрсін ағаның өнерге адалдығы кейінгі буынға үлгі-өнеге болуы тиіс, – деп, домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Даламның дана тұлғасы» әнін нәшіне келтіре шырқап берді.
Айтпақшы, ел-жұртқа танымал бұл әннің сөзін ақын Жүрсін Бәтенов жазып, әнін сазгер Шәкен Рақышев шығарған. Ән ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 110 жылдығына орай туған.
Ақын-қаламгер Жүрсін Бәтеновтің соңында көзі тірісінде баспадан шыққан «Жыр жазамын жүрегімнен…», «Арайлы Ақкелін» кітаптары қалған еді, кейінгі жылдары «Өмір-ғапыл, жұлдыз-ғайып», «Ұлықтап өтті ұлт рухын» кітаптары оқырман қолына тиді. Еске алу кешінде мектеп оқушылары Ерасыл Еренғалы, Әлихан Қасымханов, Ақниет Кенжебек, Дариға Бауыржан, Хамида Сүлейменова, Ақнұр Пердебаева, ұстаз-ақын Гүлбаршын Сейітова ақынның өлеңдерін жатқа оқып, күйші Қайрат Тоқан күй шертіп, Арман Рай «Жан әке», Бақытжан Ахметов «Біздің елдің жігіттері», Жүрсін Бәтенұлының немересі Малика «Ата» әндерін орындап, тыңдаушыны сүйсіндірді.
Жүкеңді көзі көріп, бірге қызмет атқарған Мырзағали Ерғалиев, Ерлан Қасеналин, тәлім-тәрбиесін көрген айтыскер ақын Жұмкен Сейітов, жазушы Жассерік Жәлелұлы, әнші Ләззат Шушаева, термеші Оразбек Нұров, шешен Серік Занов және т.б. естелік айтып, Жүрсін ағаның болмыс-бітімі, азаматтық келбеті, жары Қалимаш Қамышқызының қадір-қасиеті жайлы әңгімелеп берді.
«Жақсының ұрпағы да жақсы» демекші, ерлі-зайыптылардың артында қалған алты ұлының мұрындық болуымен 2021 жылы Мұса Шорманов ауылында ас беріліп, «Атамұра» мәдениет орталығы ғимараты қабырғасына естелік тақта орнатылып, «Өнер» мәдениет сарайында еске алу кеші өткізілген еді. «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева перзенттік парыздарын осылайша өтеп жүрген Жүрсін ағаның балаларына ризашылық білдіріп, тұңғышы Қуаныш Бәтеновтің иығына шапан жапты.
Айтпақшы, Қуаныш Жүрсінұлы қазіргі уақытта «Атамұра» мәдениет орталығында қызмет істеп жүр. Осындай сый-сияпатты Жеңіс Мәліков те жасады. Жеңіс – Жәнібек сал Мәліковтің тұңғышы. Ал Жәнібек салдың Жүкеңнің шәкірті болғанын барша жұрт жақсы біледі.
Жүрсін Бәтенұлын еске алу шаралары түстен кейін Қоянды ауылының клубында жалғасты. Оны клуб әдіскері Күмісхан Сағындық пен мәдени ұйымдастырушы Қазынагүл Алпысбаева ұйымдастырып, ұрпақтары ауызашар берді.
Ж.Жәлелұлы






