Жаңа Конституция жобасының мән-маңызын халық арасында түсіндіру жұмыстары қарқын алды. 19 ақпан күні түсіндіру-ақпараттық тобы «Промсервис – Отан» ЖШС автобазасы ұжымымен жүздесті.
Сөз тізгінін қалалық коалиция төрағасы Нияз Макраев ұстап, «Ақжол» партиясының өкілі Павел Ярошенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин, «Ауыл» партиясының өкілі Жетпісбай Жакупов, «Аманат» партиясының өкілі Еркін Құсан жиналған қауымға жаңа Ата Заңға енгізілген өзгерістер туралы әңгімелеп берді. Осыдан соң ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелеріне кадрлар бөлімінің аға инспекторы Юлия Истиратова орта білім алу туралы баптан «тегін» сөзі неліктен түсіп қалғанын сұрап еді, оған Павел Ярошенко орта білім алуға мемлекеттің кепілдік беріп отырғанын айтты. Оқырманға түсінікті болуы үшін 33-баптың 1-тармақшасына үңілейік: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей бастауыш және орта білім алуына кепілдік беріледі. Бастауыш және орта білім міндетті».
Жалпы, кездесуге қатысқан қауым жаңа Конституция жобасын құптайтынын білдірді.
Ж.Бұланбай




