20 ақпан күні Екібастұз қаласындағы №18 жалпы білім беретін мектепте Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай «Ұранды ұрпақ» атты облыстық әскери-спорттық жарыс өтті. Тағылымды шара Екібастұз қалалық білім бөлімі мен Жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Шара жасөспірімдердің әскери-патриоттық рухын шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттауды, бойларында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат етті.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Малікова және Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Санат Распаев бастаған қонақтар қатысты. Олар жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың жас буын тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Спартакиада саптық байқаумен басталып, әрі қарай тартысты әскери-спорттық эстафетаға ұласты. Қатысушылар автоматты бөлшектеу және жинау, оқшантайды уақытқа жабдықтау, белтемірге тартылу, пневматикалық винтовкадан ату және денені жатып көтеру секілді сынақтарда бақ сынасты. Оқушылар жас ерекшеліктеріне қарамастан жауынгерлік іс-қимыл элементтерін үлкен жауапкершілікпен әрі сенімді орындап, жоғары дайындықтарын паш етті. Әр кезеңде командалық ұйымшылдық пен темірдей тәртіп, ептілік пен шапшаңдық сынға түсіп, қатысушылар тек жеке шеберліктерін ғана емес, нағыз бірліктің де үлгісін көрсете білді.
Облыс көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараға 9 команда қатысты. Олардың қатарында қала мектептерімен бірге Төртқұдық ауылы, Солнечный кенті және Май ауданының намысын арқалаған жас патриоттар болды. Қызу тартыстың нәтижесінде І орынды
Е. Мұқанов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп командасы иеленіп, 100 000 теңгелік сертификатты қанжығасына байлады. ІІ орынды №10 мектеп ұжымы (60 000 теңге) еншілесе, жүлделі ІІІ орын №26 гимназия-мектебіне (40 000 теңге) бұйырды. Жеңімпаз және жүлдегер командалар дипломдармен, медальдармен және демеушілер есебінен берілген бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, шара барысында Ауған соғысының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ділназ Серікбай




