Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана қабырғасында ақын, жазушы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романының тұсаукесері өтті. Кешті Толқын Сұлтанованың басқаруындағы «Амангелді Иман» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Әдеби жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса мен Нұржан Әшімбетов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, жазушылар Мәди Айымбетов, Нұржан Қуантайұлы, Айгүл Кемелбаева, Жұмағали Қоғабай, журналистика ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш барысында сөз сөйлегендер романның тың тақырыбын, композициялық құрылымын, тіл шеберлігін атап өтті. Серік Негимов шығарманы әлеуметтік желіде айтылып жүргендей таза детектив емес, экшн жанрына жақын туынды деп бағалады. Оның айтуынша, шығармада ұлттық нақыш, кейіпкер монологы мен новеллистикалық элементтер үйлесім тапқан, оқиға желісі шымыр құрылған.
Мәди Айымбетов жаңа роман жанр талаптарына толық сай екенін айтты. Ал сенатор Алтынбек Нухұлы жазушының ақындық, шежірешілік қырларына тоқталып, өлкетанушы, мұрағатшы ретіндегі еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен бірге бұл туындының оқырманы көп шығарма боларына сенім білдірді.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса аймақтағы қаламгерлер кітаптарының аз таралыммен шығатынын тілге тиек етіп, романның небәрі 200 данамен басылғанына өкініш білдірді. Оның пікірінше, мұндай туынды кемінде екі мың данамен жарық көруі тиіс.
Отырыс барысында сөз алған басқа да қонақтар авторға шығармашылық табыс тілеп, романның мазмұны шытырман оқиғалы фильмге сұранып тұрғанын атап өтті.
Кеш соңында кітап авторы Сайлау Байбосын көпшілікке алғыс айтып, шығарманың жазылу тарихына қысқаша тоқталды. Ол кеш тізгінін ұстаған актер Сағаділла Үсібалиевке және ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Автор «Амангелді Иман» қорының төрайымы Толқын Сұлтановаға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық жинағын сыйға тартты. Тұсаукесерге қолдау көрсеткен кітапхана ұжымына алғыс айтылып, әдеби кеш мазмұнды жағдайда қорытындыланды.
Кенже ҚУАТ




