Бағалар күн санап құбылып, тұтынушылардың қалтасын қағып тұр. Қымбатшылыққа тежеу болар тетік – ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінен де береке қашыпты. 21 ақпан күні ертелетіп «Халық базарында» болғанымызда бұған көзіміз анық жетті.
Рас, сырттағы-іштегі сөрелерде сиыр еті де, жылқы еті де бар. 1 кило сиыр еті сүйек-саяғымен 3000 теңгеден сатылып жатыр. Ауыл-ауылдан жеткізілген сүт пен сүт өнімдерінің де бағасы арзан емес. Содан да болар, алушыдан сатушы көп. Бұрын жылдың осы мезгілінде базарда көкөністің түр-түрі жеткілікті болушы еді. Сол көкөніс жым-жылас, бір уыс болып базардың бұрышына тығылған картоп, сәбіз бен пиязды әрең іздеп таптық.
«Неге бұлай?» – деген сұраққа сатушы Мейірбек: «Өткен жолы Тұрақтандыру қорынан картоп алып едім, шіріп кеткендіктен өтпей, шығынға ұшырадым», – деп желкесін қасыды. Бұл әңгімеге кейінірек қайта ораламыз, әзірге ұзын-сонар жұмыртқа шіретінің неліктен туындағанын айта кетелік. Сөйтсек, І санаттағы 10 дана жұмыртқа 528 теңгеден сатылып жатыр екен. Шіретте тұрғандардың басым бөлігі, әрине, зейнеткерлер. Ақ қар, көк мұзда жаяулап-жалпылап арзан жұмыртқа үшін келген ғой. Әйтпесе, қаражаты жетсе, үй маңындағы дүкендерден іріктелген жұмыртқаның 10 данасын 670-700 теңгеден ала салады емес пе.
Ақты ақ, қараны қара деп айтқан жөн болар. Жәрмеңкеде жас қияр мен қызанақтың бағалары дүкендегіден әлдеқайда төмен екен. «КазТомат» жылыжайының қияры 1200 теңгеден, қызанағы 1100 теңгеден саудаланып, жұрт жапа-тармағай бірнеше килодан сатып алды.
Десек те жәрмеңкеде көргенімнен көңіл жүдеп шыққан соң, әдейіліп «Венера» дүкенінің көкөніс бөліміне бас сұқтым. Мұндағы көрініске көз тояды. Жеміс пен көкөністің алуан түрі сөрелерде сықиып тұр. Сапасы тәп-тәуір картоп – 250 теңге, сәбіз – 220 теңге, қырыққабат – 270 теңге, пияз – 180 теңге. Ал жас қияр мен қызанақтың 1 килосы 1300 теңгеге бағаланыпты. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, нарықтық қатынастар билеп тұрған заманда бағалар сатушылар пейілі мен пиғылына қарай өзгеріп тұрады. «Венера» дүкенінен қашық емес «София» дүкенінің көкөніс бөлімінде жас қияр 2400 теңгеден, картоп 320 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. Есепке жүйрік адам бағалардағы айырмашылықты бағамдап алар.
Еркін саудадағы жағдайға қаныққан соң, 23 ақпанда №31 шағынаудандағы «Сәтті» дүкенінде болдық. Бұл дүкен облыстық тұрақтандыру қорымен серіктесе жұмыс істейді. Дүкен ішінде әлеуметтік мәндегі азық-түлікке арналған жеке бұрыш бар екен. Бір ғажабы, әлгі бұрышта тауар мүлде жоқ, тек баға қағаздары ілініп тұр. Онда І сұрыпты ұнның 1 килосы – 137 теңге, қант – 385 теңге, күнбағыс майы – 775 теңге, күріш – 407 теңге, қарақұмық – 207 теңге, тұз – 71 теңге, І санатты 10 дана жұмыртқа 528 теңге деп жазылыпты.
– Әлеуметтік мәндегі азық-түлік саудаға кешкі сағат алтыда шығарылып, бір-екі сағат ішінде түгесіледі. Өйткені Тұрақтандыру қорынан аз мөлшерде жеткізіледі. Сондықтан сөреде жатпайды, – деп түсінік берді дүкен әкімгері Арғын Айтқұлов.
Айтпақшы, мұнда да картоп көрінбеді. Оған белгіленген баға 115 теңге екен, бірақ шірік болғандықтан, сату үшін алуға серіктес дүкендер ықылассыз. Аталмыш жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында кәсіпкерлік бөлімі басшысы Медет Шоқанмен телефон арқылы сөйлестік.
– Екібастұз қаласындағы серіктес сауда нүктелеріне картоп келісім бойынша «ЭМПК» шаруа қожалығы қоймасынан жеткізіледі. Өкінішке қарай, картоп сапасы нашар. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы өндірісі кооперативі басшылығына хат түсірген едік. Қазіргі уақытта картопты Тұрақтандыру қоры есебінен Павлодар қаласынан жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал өзге азық-түлікке келсек, Тұрақтандыру қорында оның 8 түрі ғана бар әрі Екібастұзға шекті көлемде ғана босатылады, – деді ол.
Қысқасы, Тұрақтандыру қорының халықты әлеуметтік мәндегі азық-түлікпен жеткілікті мөлшерде жарылқай алар түрі жоқ. Яғни, нарықтағы бағаларды тежеу міндетін атқара алмай отыр. Неліктен олай? Бәлкім бұл сұраққа билік жауап берер…
Ж.Сәдуақас





