Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту мемлекетіміз үшін маңызды болып тұр. 24 ақпан күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Көпежанов осы салаға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау туралы әңгімелеп берді.
Ауылдық елді мекендер тұрғындары «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша жеке кәсіпкерлер 10,8 миллион теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері 6 миллион теңгеге дейін займ ала алады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы үшін – 7 жыл.
2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Екібастұз өңірінде жалпы сомасы 156,1 миллион теңгенің 11 жобасы қаржыландырылған екен. Ал 2025 жылы жалпы сомасы 377,3 миллион теңге болатын 24 жобаны жүзеге асыруға микронесиелер беріліпті.
Осылайша, аталған екі жыл ішінде 4 мал сою, 4 бордақылау алаңы, 2 қоғамдық монша құрылысы, 2 наубайхана, 1 техникалық қызмет көрсету, 8 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жобалары қаржыландырылған. Сонымен бірге, 1 өсімдік шаруашылығын, 9 мал шаруашылығын дамыту жобаларына несие бөлініпті.
Мемлекеттік қолдау «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде де көрсетіледі. Сыйақы мөлшерлемесі – 22 пайыз. Оның 16 пайызы субсидияланады. Аталмыш бағдарлама бойынша жалпы сомасы 61,7 миллион теңгені құраған 3 жоба қаржыландырылған екен.
Тағы бір бағдарлама «Іскер» деп аталады. Мұнда 800 ең төменгі есеп айырысу көрсеткіші көлемінде 5 жыл мерзімге несие беріледі. Жыл сайынғы сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз, күнкөрісі төмен немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері үшін – 4 пайыз. Осы бағдарлама аясында сомасы 6 миллион теңгенің 1 жобасы қаржыландырылған.
«Кең дала – 2» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы «Аграрлық несиелік корпорация» арқылы жүзеге асырылып, көктемгі дала жұмыстары мен жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге 5 пайыздық мөлшерлемемен несие тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағар май, өзге де маусымдық шығындар үшін беріледі. Несиенің 85 пайызына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді, қалған бөлігін несие алушы кепілдендіреді.
Аталмыш бағдарлама аясында жалпы сомасы 147,6 миллион теңгені құраған 7 несие беріліпті.
Шаруа қожалықтары жаңа техника сатып алуды жылдан-жылға үдетіп келеді. Есепті мерзім ішінде 125 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алыныпты. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары мал шаруашылығына – 281,5 миллион теңге, өсімдік шаруашылығына 147,1 миллион теңге субсидия берілген екен.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Көпежановтың сөзіне қарағанда, Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлепті. Ол бойынша асыл тұқымды мал сатып алуға, жайылымдық мал шаруашылығын дамыту мен инфрақұрылымын қалыптастыруға жыл сайынғы мөлшерлемесі 6 пайыз шегінде жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Сонымен бірге, жемшөп дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға да 5 пайыздық несие беру көзделген.
Ж.Сәдуақас





