24 ақпанда қалалық Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, 2025 жылдың қорытындысы мен алдағы уақытқа жоспарлар туралы айтылды.
Ең алдымен сөз кезегін алған қала әкімі Аян Бейсекин Екібастұздың ел дамуына серпін беретін ірі өнеркәсіптік қала екенін айта келіп, былтырғы жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі жөнінде баяндады.
– Жылумен қамту мәселесіне келсек, соңғы уақытта Үкімет пен облыс басшылығының қолдауымен елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Жаңа 7/1 ЖМ салынды. Бұл қолданыстағы желілерге түсіетін жүктемені реттеп, қайта бөлуге мүмкіндік берді. Жалпы қашықтығы 14 шақырымнан асатын 8 жылу магистралі қайта жаңартылды. Жыл сайынғы гидравликалық сынақтар аясында ең өзекті деген учаскелерде 95 шақырымнан астам желі жөндеуден өтті. Осындай шаралардың арқасында жылыту маусымы тұрақты өтуде, – қала басшысы.
Қала әкімінің айтуынша, ыстық судың қысымына қатысты проблемалар да шешімін таба бастады. Әсіресе жеке секторлардағы тұрғындардан шағымның азаюы осының дәлелі болса керек.
Жылу орталығын модернизациялау жұмысы жалғасуда. Түтін мұржаларына заманауи тұтқыштар қою мәселесі басты назарда. Соңғы үш жылда жылумен жабдықтау жұмыстарына бюджет есебінен 42 миллиард теңгедей қаражат бағытталған.
2026 жылы №№5, 10, 11, 16 жылу магистральдары реконструкцияланып, 12 шақырым жылу желісі жаңартылмақ. Сонымен қатар жылу орталығындағы 3 қазандық кешенді және ағымдағы жөндеулерден өткізіледі.
Үстіміздегі жылы Майқайың су құбыры, Екібастұзға 50 жыл көшесінің кәрізі жаңғыртылып, қаламыздың солтүстік шағынауданында кәріз желісінің құрылысы басталмақ.
– Сапалы және қауіпсіз жолдар болмаса, қала мен ауылдардағы өмірдің жайлылығы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан ауылдық елді мекендердің көлік қатынасын қамтамасыз етуді жөн көрдік. Қазіргі кезде Ақкөл, Құдайкөл, Төртқұдық, Бозшакөл, Бәйет, Зеленая роща тұрғындарының қаламен жол қатынасы қалыпты. Бұдан басқа ГРЭС-1 Басқамыс, ГРЭС-2-Сарықамыс жолдары реконструкцияланды. Исабек Ишан кесенесіне апаратын жолды реконструкциялау жұмыстары жалғасады, – деді Аян Уахитұлы есебінде.
Алдағы уақытта Бесқауға ауылының кіреберіс жолы жөнделіп, Төртүй ауылына апаратын жолдың жобасын жүзеге асыру тетіктері пысықталуда.
Қала басшысы тілге тиек еткен өзекті мәселелердің бірі – қала көшелерінің жай-күйі. Айтуынша, әлеуметтік нысандар орналасқан орындардың тең жартысынан астамы асфальтталған. 2025 жылы 240 мың шаршы метр асфальт жөнделіп, 123 мың шаршы метр қиыршық тас төселген.
Ағымдағы жылы Сәтбаев, Торайғыров, Әуезов, Қонаев, Энергетиктер, Бауыржан Момышұлы, Шешембеков, Беркімбаев көшелеріне, сондай-ақ, солтүстік шағынаудандарға басымдық беріледі. Абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру жүйесін дамыту қолға алынуда. 2025 жылы 3,5 мың жаңа жарықтандыру тірегі орнатылып, 25 ауланың маңы абаттандырылған. Оған қоса 57 балалар және 13 спорт алаңы орнатылды.
2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 20-дан аса ауланы абаттандыру, 50-ден аса балалар және спорт алаңын орнату, 20 футбол алаңын жөндеу жоспарланды.
Былтыр Екібастұзда 180 тұрақты жұмыс орны құрылған. Мұнда қатар ашылған қос ферроқорыту зауытының да үлесі бар. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі – 430 млрд. теңге. Қазіргі уақытта 6,3 трлн. теңгенің 21 жобасы кезегін күтіп тұр. Олар іске асатын болса, екібастұздықтар үшін 9 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
Мемлекет басшысының көмір генерациясын дамыту және электр энергиясының қосымша көздерін құру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылуда. Энергетикалық кешенді модернизациялау аясында екі энергоблок және 2 жел электр станциясының құрылысын бастау көзделіп отыр. Жалпы қуаттылығы – 5240 МВт. Бұл өз кезегінде өңірді энергиямен қамтамасыз етуді реттеп, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандырады.
Әлеуметтік салада 2026 жылы көптеген жұмыстар атқарылмақ. Өңірде 3 мектеп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Бәйет және Әлкей Марғұлан ауылдарында медициналық пункттер қолданысқа беріледі. Қоянды және Бәйет ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешендері жұмысын бастайды. №№2, 3 емханаларды жаңарту жоспарланып отыр. Көптен күткен мұз аренасының жобасы қаралып, жұмыс басталады. Мұның ел бойынша бірегей жоба екенін атап өткен жөн. Жаңа театрға ғимарат салу да қарастырылуда.
– Қала әкімдігі қоғамдық және депутаттық бақылауға әрдайым ашық, конструктивті сыни пікірге дайын және бірлесіп жұмыс істеуге ниетті, –деп түйіндеді сөзін Аян Бейсекин.
Келесі кезек қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраевқа берілді. Оның айтуынша, былтыр қалалық мәслихатта 100-ге жуық мәселе талқыланған. Есепті кезеңде қалалық мәслихаттың құқықтық нормаларды айқындайтын 23 шешімі әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен. Тұрғын үй, әлеуметтік көмектер көрсетуге, ауылдық жерге қоныстанушы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт саласы мамандарына қолдау көрсетуге қатысты нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Мәслихаттың көшпелі отырыстарында да өңір тағдырына байланысты мәселелер қаралуда.
– Қала әкімі Аян Уахитұлының қолдауымен және атқарушы органдармен тығыз жұмыс істегеніміздің арқасында соңғы үш жылда, соның ішінде менің округімде ауқымды жұмыстар атқарылды, – деген мәслихат төрағасы оң шешімін тапқан бірқатар жайды ортаға салды.
Айталық, №17 мектеп жанындағы бассейн қолданысқа берілсе, жиырма жылдай қараусыз қалған балабақша ғимараты (Мәшһүр Жүсіп, 126 А) қалпына келтірілмек. Тұрғын үй-коммуналдық салада көптеген арыз-шағымдар қарастырылған.
Қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов қорытынды сөз алып, кеңестің бекітілген жоспарға сай жұмыс істеп жатқанын айтты. Есепті кезеңде Қоғамдық кеңес 26 отырыс өткізіп, 25 ұсыныс қабылдаған. Одан басқа, «Artспорт» бағдарламасын іске асыру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, суармалы егіншілік пен жайылмалы шабындық алқаптарының жай-күйі, қала сыртындағы зираттың санитарлық жағдайы секілді маңызды проблемаларды талқылаған.
Отырыс барысында өңірге қатысты басқа да мәселелер ортаға салынды.
Кенже ҚУАТ




