20 ақпан күні Екібастұз қалалық мәслихатының экология мәселелері жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиынға жұмыс тобының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Әмір Тәкішев төрағалық етті.
Сонымен қатар, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «ЕЭК» АҚ «Восточный» кеніші, «Ангренсор-Энерго», «Energy Solution Center» ЖШС-нің Екібастұз ЖЭО және «KEGOC» АҚ секілді ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде қаланың экологиялық ахуалы мен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мәселесі қаралды.
Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абай Хәкімов 2026 жылға арналған ауқымды жоспарларды бөлісті. Оның айтуынша, қалада дендрологиялық жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін 69 992 түп жасыл желекке түгендеу жүргізіліп, ағаштардың түрлік құрамы, жасы мен өміршеңдік жағдайы көрсетілген интерактивті карта әзірленген. Биыл көгалдандыру саласына жергілікті бюджеттен 650 миллион теңге бөлініп, 21 гектардан астам аумақта жаңа топырақ қабатын қалыптастыру және ескі ағаштарды жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Бұдан бөлек, жалпы аумағы 10 мың шаршы метрге біржылдық және көпжылдық гүлдер отырғызу көзделіп отыр. Негізгі гүлзарлар Астана, Мәшһүр Жүсіп, Мұхтар Әуезов, Кеншілер, Бауыржан Момышұлы, Энергетиктер, Беркімбаев, Абай, Мәншүк Мәметова көшелері бойында, сондай-ақ, саябақтар мен скверлерде орналасады. Өткен жылдың күзінде отырғызылған раушан гүлдері жақсы жерсініп, биыл молынан гүлдегендіктен, бұл тәжірибе жалғасын таппақ.
Экологиялық жауапкершілік бағытында өндірістік кәсіпорындар да нақты шараларды іске асыруда. «Богатырь Көмір» ЖШС 2025 жылы шаңды басу мақсатында 142 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап, атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды айтарлықтай қысқартты. Атап айтқанда, қазу-тиеу жұмыстары кезінде суару жүйесі қолданылып, нәтижесінде бейорганикалық шаң көлемі 19,094 тоннаға азайған. Сондай-ақ, жарылыс жұмыстарының бір бөлігі суландырылған ұңғымаларда жүргізіліп, атмосфераға тарайтын шаң көлемі 77,5 тоннаға қысқарған. Заманауи DML бұрғылау станоктарындағы шаң тұту жүйелері өнімнен 90 пайызға дейінгі шаң фракциясын ұстап қалады. Ал «Energy Solutions Center» ЖШС-нің бас директоры Айдар Қыстаубаев Екібастұз ЖЭО-дағы ауқымды жаңғырту жұмыстарына тоқталды. Станция 2025 жылы №5, №1 қазандықтар мен турбоагрегаттарды толық жаңартып, №8 және №13 қазандықтарға кеңейтілген жөндеу жүргізген. Станцияның басты жаңалығы – ЦКС (циркуляциялық қайнау қабаты) технологиясын енгізу жоспары. Бұл технология көмірді қалыпты температурада (800-900°C) жағу арқылы ауаға тарайтын зиянды азот пен күкірт газдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл тіпті төмен сапалы көмірді пайдаланған кезде де қоршаған ортаға келетін зиянды төмендетеді.
Жиын қорытындысында атмосфералық қалдықтарды бақылау және кәсіпорындар айналасында жасыл белдеу қалыптастыру мәселелері көтерілді. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жұмыс тобы қала құраушы кәсіпорындарға барып, экологиялық талаптардың сақталуына тікелей мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр.
Ділназ Серікбай





