Төрткүл дүние көз тіккен ХХҮ Қысқы Олимпиада ойындары аяқталды. Италияның Милан және Кортина қалаларында болған ақ Олимпиадаға біздің елімізден 36 спортшы қатысты. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 19-орыннан көрінді. Бұл нәтижеге мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың алтын медаль иеленуінің арқасында қол жеткізілді. Қысқы спорттың өзге түрлерінде біздің отандастарымыз 12 рет үздік ондық сапына ілікті. Сырғышы Надежда Морозова 3000 метр қашықтыққа жүгіруде 6-орын, 5000 метр қашықтықта 9-орын еншіледі. Сонымен қатар, Надежда Морозова, Елизавета Голубева және Арина Ильященко командалық із қуу жарысында 8-орынға табан тіреді. Елизавета Голубева, сондай-ақ, 1500 метрге жүгіруде 7-орын, 3000 метрге жүгіруде 10-орын иеленіп, тәуір өнер көрсетті. Ерлер арасында 500 метрге жүгіруде Евгений Кошкиннің 9-орын иеленгенін айта кету ләзім.
Ақ Олимпиадада үлкен трамплиннен секіруде 19 жастағы Илья Мизерных таңқалдырды. Ол әлем үздіктері арасынан 8-орынды еншілеп, спорттың бұл түрінен қазақстандықтар үшін бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Анастасия Городко параллельдік фристайл-могулде 8-орын, Павел Колмаков 9-орыннан көрінсе, фристайл-акробатикада Асылхан Асан, Роман Иванов, Аяна Жолдас аралас командалық жарыста 7-орынға тұрақтады.
Ақ Олимпиада алдында шорт трекшілерге үлкен үміт артылып еді. Өкінішке қарай, олар мұны ақтаған жоқ. Тек Денис Никиша ғана 500 метрге жүгіруде 7-орынды қанағат тұтты.
Мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина әйелдер арасында 10-орын иеленді. Осылайша, қазақ спортының абыройын Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров сақтап қалды десек болады.
Айтпақшы, келесі қысқы Олимпиада 2030 жылы Францияда өтеді. Ұлттық Олимпиадалық комитет биылғы олимпиададағы жетістіктер мен кемшіліктерді елеп-екшеп, қысқы спорт түрлерін дамытудың кешенді жоспарын түзеді деген сенімдеміз.
Сөз соңында айтарымыз, жалпыкомандалық есепте 18 алтын, 12 күміс, 11 қола медаль олжалаған Норвегия көш бастады. 12 алтын, 12 күміс және 9 қола медальді қоржынға салған АҚШ 2-орынды, 10 алтын, 6 күміс, 14 қола медаль иеленген Италия 3-орыннан көрінді.
Ж.Жәлелұлы




