Санаулы күндерден соң Наурыз айы келіп жетеді. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» дейтін мезгіл туып, қар іргесі сөгіледі. Егер қалың қар тез еритін болса, елді мекендерді су басу қаупі тууы әбден ықтимал. Сондықтан табиғаттың тосын мінезіне әрдайым әзір болған абзал. Осы орайда, 25 ақпанда Екібастұз қаласы іргесіндегі Ащыкөлде «Көктем – 2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Төтенше жағдай туындай қалса іс-әрекет ететін арнайы техника сапқа тізіліп, құтқарушылар заманауи құрал-жарақтарын, киім-кешектерін шығарып, су сорғыш жабдықтардың қалай жұмыс істейтінін іс жүзінде көрсетті. Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Асхат Құсайынов қала әкімі Аян Бейсекинге рапорт беріп, әзірлік туралы баяндады.
– Бүгінгі күні мұнда 43 арнайы техника жұмылдырылып, жүзу, сорғы құралдары және мотопомпалар қойылды. Бұл – қолдағы бар техниканың 30 пайызы. Төтенше жағдайлар басқармасы базасы жыл сайын жаңартылу үстінде. Мәселен, қуатты су сорғыш техника мен 12 жаңа мотопомпа сатып алынды, – деді ол.
Асхат Құсайыновтың сөзіне жүгінсек, өңірдегі елді мекендер ішінде қар суынан қауіп төнуі мүмкін ауылдар Тай мен Бәйет екен. Негізі қар былтырғымен салыстырғанда 15-20 пайызға жұқа екен. Әйтсе де «сақтықта – қорлық жоқ» деген емес пе, ТЖ қызметкерлері мониторинг жүргізіп, суағарларды тазалап, жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Айтпақшы, «Көктем – 2026» оқу-жаттығуына ауылдық аймақ құтқарушылары да қатысты.
Ж.Жәлелұлы









