«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры (президенті – Нәзия Жоямергенқызы) жыл сайын қазақ журналистер үшін Алматының озық клиникаларында медициналық тексерістер ұйымдастырып келеді. Мұндай тексерістер қатерлі ісік ауруларының алдын алуға, ауруды бастапқы сатысында анықтауға бағытталған. Қор құрылғалы, яғни, он екі жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл тексеріс – елімізде бұған дейін журналистер денсаулығы үшін ешбір ұйым ұйымдастырып көрмеген бірегей шара.
19 ақпан күні қор құрамындағы төртінші билік өкілдері, пиаршылар мен баспасөз хатшылары өз денсаулығын тексерту үшін Алматы аймақтық көпсалалы клиникасына (директоры – Саяхат Олжаев) жиылды. Атап өтерлік жайт, аталмыш клиника – халықаралық сапа стандарттары, озық технологиялар және пациенттердің денсаулығы мен өмірі жолында қызмет ететін кәсіби команданың үйлесімді бірлігі.
Онкогинеколог Қарлығаш Тәжібаева, онкомаммолог Дәулет Айдаров, онкохирург Рашид-ага Мамедов, УДЗ дәрігерлері Мәдина Туғамбекова мен Айгүл Әнуарбекова, эндоскопист дәрігерлер: Ермек Телғозин мен Берік Сыдықов және бір топ медбике сенбі, яғни, бір демалыс күнін журналистерге қызмет көрсетуге арнады. Әр маман өз ісін ерекше ыждағаттылықпен, нағыз «ақ желеңді абзал жан» ұғымына лайықты жауапкершілікпен атқарғанын атап өту ләзім. Небәрі үш сағаттың ішінде жиырмадан аса БАҚ өкілі асқазан, ішек, бауыр, өт жолдары, жатыр, қуық, бүйрек, қалқанша безі, тағы басқа органдарын тексертіп, мамандардан кеңес алды. Операцияны қажет ететіндерге (мысалы, түсі мен пішіні өзгерген мең, қалдарды алдыруға) портал арқылы емделуге жолдама берілді.
Шараның басы-қасында Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы мен Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Ләйлім Әубәкірова, Алматы аймақтық көпсалалы клиникасы директорының орынбасары Игорь Новиков және клиника меңгерушісі Ғалым Жүнісов жүргенін атап өткіміз келеді.
Сонымен қатар, бұл күні клиника мамандары қатерлі ісік аурулары тақырыбында брифинг өткізіп, тегін тексерістер жайынан да ақпараттандырды. Мәселен, республиканың әр аймағындағы онкологиялық диспансерлер айына бір рет ашық есік күнін ұйымдастырып, келушілерді тегін қабылдайды. Еліміздің кез келген азаматы өз өңіріндегі онкологиялық диспансерде ғана емес, нақ осы алматылық клиникада да денсаулығын тексерту құқына ие.
Жанаргүл Қадырова
#армк
#almoblzdrav
#Түркітілдесжурналистерқоры
#скрининг






