Қазақ «жаман ауру» деп атайтын обыр ауруы бүгінде етек жайып, ауызға жиі алынатын болды. Әсіресе, дертін әбден асқындырған науқастар жайлы көп естиміз. Асқындырмауға да болар ма еді, егер әркім мемлекет тарапынан тегін ұйымдастырылатын скринингтік тексерістерден уақытылы өтуге көңіл бөліп жүрсе…
19 ақпан күні Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында ұйымдастырылған брифингте мекеме директорының орынбасары Игорь Новиков пен онкомаммолог Дәулет Есқожаұлы сырқатты ерте анықтаудың жолдары мен нәтижелері, аурудың бүгінгі таңдағы көрсеткіштері, тағы басқа маңызды жайттар жайлы әңгімеледі.
Спикерлердің айтуынша, қазіргі таңда елімізде онкологиялық дертпен диспансерлік есепте тұрған науқастар саны 240 мың адамға жетіпті.
2025 жылы 41 мыңға жуық азаматқа алғаш рет қатерлі ісік диагнозы қойылып, өлім-жітім көрсеткіші 14%-ға төмендеген. Қатерлі ісіктің ең агрессиялы түрлері ретінде өкпе, бауыр обырлары аталады.
- Алматы аймағында тұратын халық саны 1 586 875 адам болса, клиникадамызда онкологиялық есепте 12 285 науқас тіркеуде тұр. Ал 2025 жылы жаңадан 2 222 науқас есепке алынды. Есепті кезеңде 716 пациент қайтыс болды. Скринингтік бағдарламалар нәтижесіне келсек, 2025 жылы сүт безі обырына 74 000 әйел тексеріліп, 160-ынан қатерлі ісік анықталды; жатыр мойны обырына 62 000 әйел тексеріліп, 36 жағдай тіркелді; колоректалдық обырды анықтау диагностикасына 90 000-ға жуық адам қамтылып, 34-інен ісік анықталды. Жалпы скрининг нәтижесінде 230 обыр жағдайы және мыңдаған обыр алды өзгерістер белгілі болды, – деп ақпарат берді Игорь Игоревич.
Клиника мамандары, сондай-ақ, 2025 жылы жылжымалы медициналық кешенмен шалғай елді мекендерді аралап, 13 мыңнан астам зерттеу жүргізген. Нәтижесінде 32 науқасқа қатерлі ісік диагнозы қойылып, 290 науқаста қатерлі ісікке күдік білінген, 490 науқаста обыралды аурулар анықталған.
2025 жылы осы аймақта тіркелген науқастар көрсеткіші төмендегідей:
- колоректалдық қатерлі ісік: былтыр тіркелгені – 172 науқас, оның 111-і аурудың 1-2-сатыларында, жыл соңында есепте тұрғандар саны – 892 адам;
- сүт безі қатерлі ісігі: жаңадан тіркелген 319 науқастың 294-і – аурудың 1-2-сатыларында; жыл соңында есепте тұрғандар – 2 691 адам;
- жатыр мойны қатерлі ісігі: жаңадан тіркелген – 119 науқастың 112-сі –аурудың 1-2 –сатыларында; жыл соңында есепте тұрғандар – 1 188 адам. Ал жас ерекшеліктеріне қарай талдасақ, өңірдегі қатерлі ісікке шалдыққан ең жас науқас 21 жаста екен.
Пациенттерді уақытылы бағыттау мақсатында қызмет көрсететін «жасыл дәліз» жүйесіне 112 жалпы практика дәрігері тартылған. Бұл жүйе диагноз қою мерзімін қысқартып, мамандандырылған көмекке қолжетімділікті арттыруда. Нақтылап өтсек, «жасыл дәліз» – Онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңартылған стандарттары шеңберінде (ҚР ДСМ бұйрықтары, соның ішінде №112 Б.) обырға күдігі бар пациенттерді жедел тексерістен өткізуді көздейді. Яғни, науқас компьютерлік томография (КТ) мен магнитті-резонансты томографиядан (МРТ) 15-18 жұмыс күні ішінде кезектен тыс өте алады.
Мамандар айтқан тағы бір маңызды ақпарат – клиника ай сайын ашық есік күнін ұйымдастырып тұрады, бұл дегеніміз – тұрғындарды айына бір рет тегін тексерістен өткізу мүмкіндігі. Былтыр мұндай тексеріс 13 рет ұйымдастырылыпты. «Ашық есік күндері әр өңірдегі онкологиялық диспансерлерде ұйымдастырылады», – дейді дәрігерлер. Десе де Алматы аймақтық көпсалалы клиникасы ашық есік күндерінде кез келген өңірден келушілерді қабылдай алады. Мән беретін жайт – ашық есік күндеріне МӘМС-ке төлем жасамайтын азаматтар да бара алады, оларға өз емханаларындағы скринингтік тексерулер де қолжетімді.
«Обыр ауруына шалдығатындар арасында ерлер көп пе, әйелдер көп пе?» – деген сұраққа журналистер «Екі жақ тең», – деген жауап алды.
Адамдарда «қатерлі ісік ауруына экологияның ықпалы басым» деген түсінік басым. Бірақ мамандар қатерлі ісік ауруының нақты себебі деп белгілі бір жайтты атай алмайды. Әлеуметтік жағдай, тағамдар құрамындағы зиянды заттар, экология, күйзеліс, ұйқы, қоршаған орта – яғни, кез келген фактор ауруға себепші бола алады. Сол себепті мемлекет ұсынатын барлық тегін қызметтерді уақытылы пайдаланып, тексерістен жиі өту маңызды. Яғни, «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде».
РS. Айналамызда диагнозын дер кезінде анықтата алмай жүрген, жергілікті ауруханаларда қате ем алып, дертін асқындырған адам көп. Өкініштісі, жерлестеріміз онкодиспансерлерде өтетін ашық есік күндері жайынан бейхабар. Газетімізге ол жайлы тырс еткен ақпарат түскен де емес. Бәлкім, медицина мекемелері бұл жайлы өздерінің әлеуметтік парақшаларында жариялап жүрген шығар, бірақ әлеуметтік желіні қолданбайтын адам аз емес. Бұған ауылдарда сапалы интернет жоғын қосайық. Скрининг туралы ақпаратты да білмейтіндер қаншама. Иә, мемлекет тегін қызметті ұсынуын ұсынып жатыр-ау. Алайда жергілікті медициналық мекемелерде соны халыққа жеткізу ниеті кемшін.
Жанаргүл Қадырова
#армк
#almoblzdrav
#Түркітілдесжурналистерқоры
#скрининг
#тегіндиагностика









