Қалалық сотта өткен баспасөз конференциясында Екібастұз қалалық сотының төрағасы Руслан Сәрсен 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады.
2025 жылы Екібастұз қалалық сотында барлығы 9 326 іс қаралған. Оның 241-і – қылмыстық, 6001-і – азаматтық, 3084-і – әкімшілік істер. Өткен жылы сотқа азаматтық істер бойынша 6001 талап-арыз бен 190 іс түсіп, 32 іс пен 1087 талап-арызды қабылдаудан бас тартылған. 2670 іс сот шешімімен аяқталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 622 іске артық. Бұйрықтық өндіріс тәртібімен 753 сот бұйрығы шығарылса, жеңілдетілген сот өндірісі бойынша 1012 іс қаралған. 643 арыз қараусыз қалдырылған.
Соңғы жылдары азаматтардың сотқа онлайн жүгіну белсенділігі артқан. 2025 жылы «Сот кабинеті» арқылы 4511 арыз (74,9%), «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы 43 іс, ал БЭКҚАЖ арқылы 71 арыз келіп түскен.
Есепті кезеңде 797 іс қысқартылған. Оның 96,1 пайызы тараптардың татуласуына байланысты. Бұл медиация институтының тиімді дамып, медиациялық шешімдердің рөлі артып келе жатқанын көрсетеді. Судья Рауан Бейілғожинның айтуынша, медиативтік тәртіппен алимент өндіру, мүлік бөлу, т.б. азаматтық даулар шешілуде.
Сот саласында әлі де болса мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тар. Мұны сотқа келіп түскен арыз талаптардан көруге болады: 2025 жылы мемлекеттік тілде 408 іс қаралған, 2024 жылы бұл көрсеткіш 454 болған еді. Арыз-шағым қай тілде түссе, іс сол тілде қаралатыны белгілі. Дегенмен сот төрағасы Руслан Сәрсеннің айтуынша, мемлекеттік тілде іс жүргізуді кеңейту мақсатында насихат және түсіндіру жұмыстары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жүр.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ





