Кейінгі буын біле жүруі керек, осыдан 37 жыл бұрын Кеңес Одағы әскері Ауғанстан жерінен шығарылған болатын. Он жылға ұласқан соғысқа Павлодар облысынан 1091 жауынгер қатысып, 36 боздақ елге оралмады. Интернационалист жауынгерлер ауған жерінде ерлікпен шайқасып, Ертіс-Баян өңірінен 446 сарбаз орден-медальдармен наградталды. Екібастұздық Николай Кремениш Кеңес Одағының Батыры атанды. Ауған соғысынан дін аман қайтқан жауынгерлер бүгінгі таңда ардагерлер атанып, жас буынға патриоттық тәлім-тәрбие беруге өз үлестерін қосып жүр.
14 ақпан күні «Жасыбай» спорт сарайында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен айтулы датаға орай дзюдодан турнир жалауын желбіретті. 2011-2012 жылдары туған ұл-қыздар шеберлік байқасқан жарысқа еліміздің бірқатар қалалары мен Павлодар облысының аудандарынан 300-дей спортшы жиналды.
Ауған соғысының ардагерлері Асқар Лаков пен Анатолий Градин сөз сөйлеп, жас дзюдошыларды елжанды болуға үндеп, жарыста сәттілік тілеп, әнші Айнұр Смағұлова «Қазағым-ай» әнін шырқады.
Айтпақшы, дәстүрлі турнирде Екібастұз қаласы мен Солнечный кенті, Бәйет пен Зеленая роща ауылдарының дзюдошылары да татамиге шығып, тәуір өнер көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік медальдар мен мадақтама қағаздар табыс етілді.
Ж.Бұланбай






