17 ақпан күні «Жасыбай» спорт сарайында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Смағұловтың жүлдесіне арналған бокс турнирі басталды.
Жыл сайын өткізіліп жүрген дәстүрлі турнирге Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің жиырма облысынан 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер келген екен. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жас бокшыларға жылы лебізін білдірді. Жарыс қожайыны – Азамат Смағұлов қарымта сөзінде турнирге қолдау жасаған қала басшысына, жарыс қонақтары – Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуовке, Олимпиада ойындарына қатысушы Қанат Абуталипов пен Нұржан Кәрімжановқа алғыс айтып, қонақтарға сый-сияпат көрсетті.
Осы орайда әйгілі боксшы Азамат Смағұлов жайлы да айта кетейік. Ол бүгінгі күні «Жасыбай» спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етіп жүр. Әуесқой спорттағы жетістіктері көп. 2006 жылы Мароккода өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы һәм жүлдегері. Қазіргі уақытта өз шеберлігін жас буынға үйрету үстінде.
Спорттық акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Азия чемпиондары Назар Воротеляк, Санжар Сәдуов, Әли Амангелді, Мансұр Жәуде өнер көрсетіп, қошеметке ие болған соң рингтегі жекпе-жектер жалғасын тапты. Аталмыш турнир бірнеше күнге созылады.
Ж.Жәлелұлы




