Шеберлік бала кезден шыңдалады. Осы орайда, балалар бапкерлерінің еңбектері ерен. 11 ақпанда мерейлі 70 жасқа толған жаттықтырушы Евгений Скоробогатский сонау 2012 жылдан бері жас футболшыларды жаттықтырып жүр.
Алтай өлкесіндегі Құлынды кентінде туған ол он бір жасында теңбіл доп теуіп, ержеткен соң Ақсу қаласының «Металлург» және Екібастұз қаласының «Шахтер» командаларында шабуылшы позициясында ойнаған. Кейін, жоғарыда айтқанымыздай, өз шеберлігін балаларға үйретуге кірісіп, бір мыңнан астам жас футболшыларды тәрбиеледі. Солардың арасынан 81 футболшы Қазақстан мен Ресейдің шеберлер клубтарында өнер көрсетті. Ең танымалдары: Дмитрий Шамко, Виталий Спарышев, Руслан Гумар, Андрей Барсуков, Виталий Решетников және т.т.
14 ақпан күні №1 БЖСМ-ға қарасты «Строитель» спорт залында мерейтой иесінің құрметіне футболдан жарыс ұйымдастырылды. Турнирге 8 жастағы балалардан құралған 4 команда қатысып, доп тепті.
Жарыс алдында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Тоқсамбаева бапкер Евгений Скоробогатскийге қала әкімінің құттықтау хатын табыс етіп, ақбоз ат бейнеленген картина сыйлап, иығына шапан жапты. Мерейтой иесін әріптестері атынан №1 БЖСМ директоры Қуат Абылайханов та құттықтап, үлкен кубок сыйлады.
– Балалармен жұмыс істеу төзім мен қажырлылықты талап етеді. Есесіне, әр баланың жетістігін көру бапкерге қуат береді. Мәселен, шәкіртіміз Нұрасыл Айдос іріктеуден өтіп, Талғар қаласында жаттығып жүр. Ондағы оқу-жаттығу әйгілі испандық клуб – «Атлетико» Мадридтің базасында құрылған. Жалпы, қазіргі уақытта біздің өңірде де балалар футболына қамқорлық артты. Қыс ішінде жабық спорт залда жаттығып, жазда оқу-жаттығуды бертін салынған жасанды жабындылы стадионда өткіземіз, – деді Евгений Николаевич журналистерге берген сұхбатында ризашылықпен.
Айтпақшы, №1 БЖСМ-нің футбол бөлімшесінде бүгінгі таңда 576 бала футбол әліппесін үйреніп жүр екен. Жас футболшыларды 10 бапкер жаттықтырады.
Ж.Жәлелұлы





