13 ақпан күні Екібастұз қаласындағы №36 лицей-мектебінде Ербол Сембаев атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды. Бұл жоба Павлодар облысы полиция департаменті мен Екібастұз қаласы білім бөлімінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты. Сынып жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ, әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі түрде ұйымдастыруға бағытталған.
Кадет сыныбына оқу үлгерімі жоғары, қоғамдық өмірге белсенді қатысатын және құқық қорғау органдарында қызмет етуге қызығушылық танытқан лицей оқушылары қабылданды. Дайындық бағдарламасына құқықтық сауаттылық, бастапқы саптық және дене даярлығы, сондай-ақ, кәсіби бағдар беру модульдері енгізілген. Бұл бағдарлама оқушыларды болашақ мамандыққа даярлауға мүмкіндік береді.
Сыныпқа есімі берілген Ербол Сембаев 1971 жылы 16 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1993 жылы бастаған. 1994 жылдың 3 ақпанында Екібастұз қаласынан шығар жолдағы жол-патрульдік қызмет бекетінде қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты. Мас жүргізушіні медициналық куәландыруға жеткізу барысында қылмыскер пышақпен жасырын соққы жасап, полиция қызметкеріне ауыр жарақат салған. Ербол Сембаев ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмды. Қылмыскер ұсталып, заң алдында жауапқа тартылды. Бүгінде оның есімі жас кадеттерге адал қызмет пен антқа беріктіктің үлгісі ретінде дәріптеледі.
Шара барысында кадеттер салтанатты түрде ант қабылдап, арнайы куәліктеріне ие болды. Куәліктерді полиция полковнигі Қайыржан Шақарғалиев табыстады. Мерекелік жиын мектеп оқушыларының қазақ биімен, сондай-ақ, Кёкушинкай каратэ-до федерациясы тәрбиеленушілерінің көрсетілімімен жалғасты. Патриоттық ән шырқалып, қатысушылар «Жас сақшы» кабинетін аралап көрді. Алдағы уақытта мұндай сыныптарды өзге мектептерде де ашу жоспарлануда.
Ділназ Серікбай






