«Самғау» балалар шығармашылығы орталығында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық-кездесу өтті. Жиынға Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев, мәслихат депутаты, Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Еркін Құсан және қала ұстаздары қатысты.
Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің басқару моделін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Оның басты ерекшелігі – Парламенттің, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның рөлін күшейту, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді неғұрлым теңгерімді бөлу, сондай-ақ, адам мен оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту. Бұл өзгерістер қоғамды одан әрі демократияландыруға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға негіз қалайды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа Конституциясының жобасы бойынша 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан алдағы жалпыхалықтық дауыс беру – ел тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық үшін айрықша жауапты кезең.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Еркін Құсанның айтуынша, халқымыз өз таңдауына әрдайым саналы түрде қарап, оның ел болашағына әсерін терең түсінеді. Сондықтан алдағы референдум – тек саяси науқан емес, азаматтық жауапкершілікті айқындайтын маңызды кезең.
– Қазақстанда референдумды саяси құрал ретінде қарастыруымыз керек. Ол – мемлекет үшін де, қарапайым халық үшін де маңызды тетік. Мемлекет үшін стратегиялық бастамаларды заңдастырудың жолы болса, халық үшін – сол бастамаларды жүзеге асыру үдерісіне тікелей қатысу мүмкіндігі, – деді Еркін Құсан.
Кездесу барысында ұстаздар тарапынан қойылған сауалдарға нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді. Спикерлер конституциялық реформалардың ел дамуы мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Айта кетейік, осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұған дейін «Шығыс» кенішінде, қалалық кітапханада, қаланың өндірістік кәсіпорындарында еңбек ететін жұмысшы жастармен және «KEGOC» акционерлік қоғамының қызметкерлерімен де өткізілді.
Ділназ Серікбай





