16 ақпан күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің есептік кездесуі өтті. Жиынға қала әкімі Аян Бейсекин, Павлодар облысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаев, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов және әкімдіктің бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында 2021– 2025 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Бүгінде Екібастұз өңірінде 22 788 зейнеткер тұрады. Оның ішінде ауылдық аймақтарда 1 951 зейнеткер болса, 311-і – тыл еңбеккерлері. Қалалық кеңес құрамында 8 аумақтық және 127 салалық ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Зейнеткерлермен жергілікті жерде жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында 6 арнайы кабинет ашылған.
Есептік баяндама жасаған кеңес төрағасы Самат Рамазанов атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ұйым қызметі ұзақ мерзімді және ағымдағы жоспарларға сәйкес жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары мәдени-көпшілік және спорттық бағыттағы іс-шараларға басымдық берілген. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жанында 9 үйірме жұмыс істейді. Атап айтқанда, шахмат, дойбы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бильярд, волейбол, аэробика секілді спорт түрлерімен қатар, «С песней по жизни» хоры, «Замандастар – құрдастар», «Барыни – сударыни» вокалдық ансамбльдері белсенді жұмыс атқаруда. Биыл алғаш рет әйелдерге арналған шахмат және тоғызқұмалақ үйірмелері ашылды.
Жиында сөз алған қала әкімі Аян Бейсекин ардагерлердің қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.
– Аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастық – тұрақты дамудың негізі. Ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік жүйедегі рөлі ерекше. Қалада шешімін күткен мәселелер бар, сондықтан жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет. Кез келген ардагер өз мәселесін тікелей жеткізе алады, біз әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді қала басшысы.
Конференция қорытындысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалып, ардагерлер ұйымының жұмысын жетілдіру бағыттары белгіленді.
Ділназ Серікбай






