Табиғаттың мінезі құбылып, ақпанда сорғалап жаңбыр жауып, соңы аязға ұласып, төңіректі көк мұз басуы жанға да, малға да жеңіл тиіп тұрған жоқ. Дала түгіл, қала ішінде қозғалыс қиындап, кәрі-құртаң адамдар қыбырлап әрең жүр. 12 ақпан күні қалалық коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК жән АЖ бөлімі көріктендіру секторының меңгерушісі Мәди Зайкен шаһарды қардан тазалау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны туралы баяндады.
– Көше жолдары мен тротуарларды тазалау үш мердігерге, атап айтқанда, «Екібастұзкоммунсервис», «Диас-Дар» және «Ардабил ЛТД» кәсіпорындарына бөлініп берілген. Қыс басталғалы полигонға 45 мың тонна қар шығарылды. Соның шамамен 10 мың тоннасы соңғы апта үлесінде. Жұмысқа қаншама техника мен 90 адам жұмылдырылды. Жиырма шақты техника көше – аула жолдарына инертті материал төсеуде, – деді Мәди Асқарұлы.
Сектор меңгерушісі осылайша құрғақ сандарды айтып сөзін сыдырта шыққанымен, мердігер кәсіпорындардың өз міндеттерін мезгілінде толық атқара алмай отырғанын мұз басқан аулалар мен тротуарлардан көруге болады. Аула жолдарындағы қар жаңбырдан соң кедір-бұдыр мұз болып қатып, тапталып қалды. Тек төрт-бес күн өткен соң ғана мердігерлер құм себуге кірісті. Мәселен, №8 шағынаудандағы биік үйлердің аула жолдарына инертті материал 12 ақпан күні түске қарай себілсе, Естай Беркімбаев көшесінің қапталындағы тротуарлар мұздан әлі айнадай жарқырап жатыр. Осы жағдайды айтқанымызда сектор меңгерушісі Мәди Зайкен: «Басымдық әуелі көше жолдарын, аялдамаларды қардан тазалауға беріледі», – деген уәж айтты. Сонда кварталішілік аумақтарды қар мен мұздан тазарту екінші кезекке ысырылғаны ма? Адамдардың өмірі мен денсаулығы маңызды болмағаны ма?
Жалпы, қыс мезгіліне мердігерлерге бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлініпті. Соның бүгінгі күні қаншасы игерілгенін сектор меңгерушісі айта алмай, «атқарылған жұмыстың көлеміне акт жасалып, төленеді» деп жауап берді.
Ж.Жәлелұлы




