13 ақпан күні қалалық мәслихаттың кезекті ХL сессиясы өткізіліп, Екібастұз қаласының сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы ақпаратты депутаттар назарына уақытша комиссия төрайымы Лейла Қасыманова ұсынды.
21 сайлау комиссиясындағы босаған орындарға 27 мүше сайлау қажеттігі туған екен. Осы орайда, өз ұсыныстарын «Аманат» партиясының Екібастұз қалалық филиалы, «Ауыл» партиясының Павлодар облыстық филиалы, «Ақжол» демократиялық партиясы, «Екібастұз халқына» қоғамдық бірлестігі, «Екібастұз балалар қоры» қоғамдық қоры, білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы, «Өмір» оңалту шығармашылық орталығы» қоғамдық бірлестігі жасаған екен. Комиссия кандидаттардың қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеріп, мәселені сессия қарауына ұсынып, халық қалаулылары мақұлдап дауыс берді.
Сонымен қатар, кезекті сессияда Екібастұз қалалық мәслихатының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Кезекті сессияның соңында қалалық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өткізіліп, қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева жекешелендіруге ұсынылған коммуналдық мүлік объектілерінің тізбесімен таныстырды. Әуелгіде гараждар мен автокөліктерді аукцион әдісімен, ал бөлшектенген жабдықтарды тендер арқылы сату көзделген екен. Алайда қатысушылардың болмауына байланысты сауда-саттық өткізілмепті. Енді саудаға шығарылатын мүліктерді ең төменгі бағаны белгілеумен бағаны төмендету әдісімен аукцион арқылы сату жоспарланып отыр.
Жалпы, аталмыш аукционнан жергілікті бюджетке 8350,3 мың теңге қаражат түседі деп күтілуде.
Жария тыңдау түрінде болған тұрақты комиссия отырысында депутаттар жоғарыда айтылған жайтты құптап дауыс берді.
Ж.Жәлелұлы




