Биылғы Рамазан айы 19 ақпанда басталды. Бұл шешім Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесінің ұйғарымын және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескере отырып қабылданған.
– Наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түн – Қасиетті Қадір түні. Ал 20 наурызда мұсылман қауымы ораза айт мерекесін тойлайды, – дейді бұл туралы қалалық мешіттің наиб имамы Асхат Мұхамедияров.
Рамазан айында әрбір мұсылманға ауыз бекіту – парыз етілген амал. Оразаның тәртібі ниет етуден басталып, ауыз бекіту, тазалық сақтау және әдепке сай мінез-құлық танытумен жалғасады. Ауыз бекіткен адам таңсәріден күн батқанға дейін ішіп-жеуден ғана емес, жаман әдеттерден де тыйылуы тиіс.
– Мүфтият биылғы пітір садақа мөлшерін 2 келі ұнның орташа бағасымен 735 теңге деп бекітті. Пітір садақасын, сондай-ақ, құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Оны айт намазына дейін беріп үлгерген дұрыс. Ал денсаулығына немесе өзге де себептерге байланысты ораза ұстауға шамасы келмейтін жандар оразаның әрбір күні үшін фидия төлейді. Биыл фидия мөлшері – 4 000 теңге, – дейді наиб имам.
Асхат Қизатұлы Рамазан айының маңызына, осы айда жасалатын сауапты амалдарға тоқталды. «Рамазан – тәубе айы. Ауызашар уақытында жасаған дұға қабыл болады. Қасиетті айда қайырымдылықпен айналысудың сауабы еселене түседі. Ауызашар беру үлкен сауапқа жатады», – деген ол оразаны бұзатын және бұзбайтын әрекеттер туралы түсінік беріп, қасиетті айды барынша сауаппен өткізуге шақырды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ





