Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығымен ағымдағы жылдың 15 наурызында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізілетіні жарияланды. Республикалық референдум халықтың ел дамуына қатысты шешімдер қабылдау процесіне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.
Осы орайда, 12 ақпанда Ерлан Қошановтың төрағалығымен «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» республикалық коалициясы құрылып, содан кейін жұмыс өңірлерде жалғасын тапты.
14 ақпанда «Аманат» партиясының Екібастұз филиалы кеңсесінде Екібастұз қалалық коалициясының алғашқы отырысы өтіп, оның төрағасы Нияз Макраев коалиция құрамына партиялар филиалдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері кіргенін айтты. Екібастұз қалалық коалициясы өңір тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оған 70 шақты адам кіріп отыр. Кіріспе сөзден кейін Павлодар облыстық коалиция төрағасының орынбасары Асылбек Туғанбай, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қайыргелдин, «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Маруаш Сағындықова, «Ауыл» партиясынан Жетпісбай Жакупов, «Аманат» партиясынан Татьяна Шмидт, «Ақжол» партиясынан Николай Винс, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Марал Ерғазина және т.т. өз пікірлерін білдіріп, тарихи маңызды оқиғаны жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға шақырды.
Жалпы, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бес негізгі топ құрылды. Топ жетекшілері болып Мәриям Маликова, Жетпісбай Жакупов, Татьяна Шмидт, Жасұлан Сәдуақасов, Серік Саттаров бекітілді. Осылайша, Екібастұз қалалық коалициясы 15 ақпаннан бастап ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына кірісіп кетті.
Ж.Жәлелұлы





