Екібастұз қаласында үлкен тенниспен шұғылданушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Оған «Екібастұз теннис орталығы» ықпал етіп отыр. Мұнда теннисшілер үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Теннис орталығында 350-ден астам ересектер мен балалар спорттың осы түрімен шұғылданады екен. 14 ақпанда теннис орталығында алғаш рет Екібастұз қаласы әкімінің Кубогы үшін жарыс өткізілді. Әуесқой теннисшілер қатысқан турнирдің ашылу салтанатында қала басшысы Аян Бейсекин сөз сөйлеп, бұқаралық спорттың маңызы жайлы айта келе, үлкен тенниске қызығушылық артқанын тілге тиек етіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Ekibastuz Cup» турниріне Алматы, Астана, Көкшетау, Павлодар және Екібастұз қалаларынан 36 теннисші қатысып, жұптасып өнер көрсетті. Солардың ішінде ең егдесі 74 жастағы Аманжол Раисов болды.
Жарысқа жасы 18-ден асқан ер адамдар қатысып, жұптасып ойнап, әкім кубогын сарапқа салды.
– Екібастұз теннис орталығында тәрбиеленген Жасмин Дюсенбаева мен Гүлден Азаматқызы жеткіншектер арасында Қазақстанда №1 теннисшілер атанып отыр. Қос қыздың тамаша жетістігі мұндағы балаларды тіптен жігерлендіру үстінде. Бізде «АРТ Спорт» бағдарламасы бойынша жүздеген бала үлкен тенниспен тегін айналысады. Ал бүгінгі турнир денсаулыққа пайдалы спорттың осы түрін кеңінен насихаттауға ықпал етпек. Осы орайда қала әкімі мен демеуші «Зебра» фирмасына ризашылық білдіреміз, – деді жарысты ұйымдастырушылардың бірі Руслан Умаров.
Бұл жолы турнирдің жүлделік қоры 1 миллион теңгені құрады. Енді «Ekibastuz Cup» турнирі жыл сайын өткізілетін болады.
Ж.Сәдуақас






