7 ақпан күні қала сыртындағы «Снежинка» демалыс базасында шаңғы жарысынан қалалық чемпионат өтті. Дәстүрге айналған спорттық дода жыл сайын қысқы спортты серік еткен қауымды бір алаңға тоғыстырып, салауатты өмір салтын насихаттап келеді.
Қысқы табиғаттың аясында өткен чемпионатқа 40-тан астам спортшы қатысты. Олардың қатарында әртүрлі жас санатындағы ерлер мен әйелдер, ерекше қажеттіліктері бар ересектер мен балалар, сондай-ақ, ардагер спортшылар да болды.
Сайыс қорытындысында 18–29 жас аралығында Ясмина Насибулина, Ажар Бесенова және Камиль Жанболатов үздік нәтиже көрсетті. 30–39 жас санатында Ильдар Смағұлов, Анар Насибулина және Михаил Шехов жеңімпаз атанды. 50-59 жас аралығында Александр Кононенко, Владимир Шехов пен Елена Малахова топ жарды. Ал 70 жастан жоғары санатта Галия Нукина мен Сүйіндік Жүсіпбеков жеңіс тұғырынан көрінді.
Ерекше қажеттіліктері бар спортшылар арасында Сара Прокофьева, Рунара Абдулова, Қайырбек Какенов және Ілияс Қабдулаев үздік атанды.
Жарыс қорытындысында үздік шыққан спортшылар грамоталар және медальдармен марапатталды. Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өз шеберліктері мен төзімділіктерін көрсете білді.
70 жастан асқан ардагер спортшы Сүйіндік Жүсіпбеков бұл жарысқа жыл сайын қатысатынын атап өтті.
– Шаңғы спортымен жастайымнан айналысамын. Бұл – денсаулыққа пайдалы, төзімділікті арттыратын спорт. Қазір жастардың спортқа қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады, – дейді ардагер спортшы.
Қысқы спорттың көрігін қыздырған бұл чемпионат қала тұрғындары үшін жарқын әсерге толы, есте қаларлық күндердің біріне айналды.
Ділназ Серікбай








