Екібастұз қаласындағы балалар көркемсурет мектебі мен «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС-іне қарасты «Голос Экибастуза» газеті бірлесіп ұйымдастырған XX халықаралық «Қысқы қиял» балалар сурет байқауы биыл да жоғары деңгейде өтті. Байқау қорытындысы 6 ақпан күні «Самғау» балалар шығармашылық орталығында жария етілді.
Биылғы байқаудың тақырыбы да заман талабымен үндес. Қазақстанда 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануына орай қатысушыларға «Цифрлық қыс және кибернетика» тақырыбы ұсынылды. Жыл символы – «Қарлы тұлпар». Осы бағытта жас суретшілер сиқыр мен қуатты, дәстүр мен технологияны үйлестірген бірегей бейнелерін ұсынды.
Сонымен қатар, «Голос Экибастуза» газетінің арнайы тақырыбы – «Бояулардағы газет тарихы» бағыты да қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Жыл сайын байқау креатив пен шабытқа толы сан алуан туындыларымен ерекшеленіп келеді. Биыл да 300-ден астам жұмыс қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Әр туындыдан қыс пен технология үндестігі, болашақтың қарлы қалалары, цифрлық кеңістіктер, нәзік роботтар мен ертегідей тұлпарлар көрініс тапты. Беларусь Республикасының Слуцк қаласынан келген қатысушылардың еңбектері халықаралық шығармашылық байланыстың кеңейіп келе жатқанын дәлелдейді.
Байқау қорытындысында «Фиолетовое солнце» арнайы сыйлығымен Арина Аленова, Айзада Ахмадрат, Амина Сәрсембаева, Зере Ивашева, Дәмелі Матбаева марапатталды. Ал супер жүлде Адель Шарыповаға табысталды.
Ал 6-7 жас аралығында 1-орынды Ералы Қайыртай («Кайнар» ББК), Ясмин Бейсембекова (балалар көркемсурет мектебі), 2-орынды Арлан Бекенов (№ 35 гимназия- мектебі), Полина Васина, Лианна Лейкаш (балалар көркемсурет мектебі), 3-орынды Аниса Мухомодеева (№6 мектеп), Әлия Асанова мен Амалия Куликовская иеленді.
8-9 жас аралығындағы оқушылар арасында 1-орынды Аяулым Темірханқызы мен Алуа Мақсатқызы иеленсе, 2-орынды № 35 гимназия мектебінің оқушысы Милана Балагланова, Арина Найманова мен Ерназар Адабергенов, 3-орынды Өлеңті жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Нұртөре Тілеутеміров, Айлин Садыкова мен Евангелина Силкина еншіледі.
10-11 жас аралығында 1-орынмен Назылы Қуанышқызы, Амира Танатова, 2-орынмен Есения Воложанина, Дарина Маханова, Нығметжан Мәді, 3-орынмен Айару Кендебаева иен София Асмус марапатталды.
12-13 жас аралығында балалар көркемсурет мектебінен Инайа Назым мен № 24 гимназия-мекебінің оқушысы Жанель Сапарбекова марапатталды.
14-16 жас аралығында 1-орынды № 25 гимназия-мектебінің оқушысы Аяжан Темірболат пен көркемусрет мектебінен Аиша Жумабекова қанжығасына байлады.
Байқаудың бас жүлдесі Екібастұз балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Даяна Алпамысоваға бұйырды. Жеңімпазды мектеп директорының міндетін атқарушы Азамат Рахметов құттықтап, марапатын табыстады. Даяна бір жыл бойы көркемсурет мектебінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Салтанатты рәсім барысында өзге де жеңімпаздарға медальдар, сурет салуға арналған құрал-жабдықтары бар рюкзактар және тәтті сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, жас суретшілерді байқауға дайындаған ұстаздарға алғыс хаттар берілді. Марапаттау рәсімінен кейін балалар мен ата-аналарға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, байқаудың үздік туындылары көрмеге қойылды.
Ділназ Серікбай









