Екібастұз қаласының прокуроры Қанат Атығаев пен Мемлекеттік еңбек-инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысы Асқар Қапанов «Богатырь Көмір» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу және өндірістегі қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Кездесу алдымен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырудан басталды. Қала прокурорының айтуынша, өткен жылдан бері прокуратура тарапынан құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған 125-ке жуық іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде жасөспірімдер мен жастар арасында буллинг пен сталкингтің алдын алу, нашақорлыққа қарсы түсіндіру, интернет-алаяқтықтан сақтандыру шаралары бар. Ауылдық елді мекендерде де кездесулер өткізіліп, түрлі мекемелермен меморандумдар жасалған.
— Құқықтық мәдениет әр адамның өзінен басталады. Әсіресе интернет-алаяқтық мәселесі әлі де өзекті. Мұндай жағдайлар «Богатырь Көмір» қызметкерлері арасында да тіркелген. Былтыр бір жұмысшы 3 миллион теңгені алаяқтарға аударып жіберген. Сондықтан жеке деректерге мұқият болып, күмәнді ақпаратқа сенбеу керек, — деді Қанат Атығаев.
Кездесудің негізгі бөлігі өндірістегі еңбек қауіпсіздігіне арналды. Бұл мәселе кездейсоқ көтерілген жоқ. Соңғы жылдары кәсіпорында жазатайым оқиғалар тіркеліп, кейбірі адам өлімімен аяқталған. Облыстық статистикаға сүйенсек, соңғы 15 жылда кәсіпорында 90-нан астам оқыс жағдай болған. 2024 жылы 6 жағдай тіркелсе, өткен жылы 5 жазатайым оқиға орын алған. Ауыр жағдайлардың белгілі бір бөлігі осы кәсіпорынның үлесінде.
Қала прокуроры қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру мен алдын алу шараларына қаражат үнемдеуге болмайды. Сондай-ақ, істен шыққан техникаларды мерзімінде жөндеу немесе есептен шығару да маңызды.
Өз кезегінде Асқар Қапанов кеніште қауіпсіздікке қатысты мәселелер бар екенін айтты.
— Көбіне жарақат екі жағдайда болады: тәжірибесі аз жаңа жұмысшылар немесе көп жылдан бері еңбек етіп жүрген, өзіне тым сенімді мамандар арасында. Облыс бойынша өндірістік жарақаттардың шамамен 30 пайызы «Богатырь Көмір» кәсіпорнына тиесілі. Өткен жылы 2 адам өлімі тіркелді, 3 ауыр жазатайым оқиға болды. Бұл қауіпсіздікке әлі де жіті көңіл бөлу қажет екенін көрсетеді, — деді ол.
Сондай-ақ, тексеру тәртібіне өзгеріс енгізілгені айтылды. Енді өндірістік нысандар бір ай бұрын емес, тек бір тәулік бұрын ескертіліп тексеріледі. Бұл кәсіпорындардың қауіпсіздік талаптарын үнемі сақтап отыруына ықпал етпек.
Кездесу барысында Конституцияға енгізуге ұсынылып отырған өзгерістер де түсіндірілді. Қала әкімінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелеев, қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев және Қоғамдық кеңес мүшесі Елена Власьева реформалардың негізгі бағыттарына тоқталды.
Айтылғандай, алдағы кезеңде Ата заң аясында бірқатар жүйелі өзгерістер жүзеге асуы мүмкін. Заң шығарушы орган құрылымын жетілдіру, өкілдік институттардың рөлін күшейту, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту көзделіп отыр. Ұсыныстардың бірі – бір палаталы парламент үлгісіне көшу және оның құрамын кеңейту. Сонымен қатар, Ұлттық халық кеңесін құру бастамасы көтерілді. Бұл кеңеске өңірлерден белсенді әрі білікті азаматтар қатысып, елдегі өзекті мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік алмақ.
Жиын соңында қала прокуроры жұмысшыларды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді. Қанат Атығаев прокуратура мен халық арасындағы байланыс тұрақты екенін айтып, азаматтарды қабылдау күнделікті жүргізілетінін жеткізді.
Ділназ Серікбай






