Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойы аясында қаламызда бірқатар мәдени-танымдық шаралар өткізілді. Соның бірі – ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған студенттер арасындағы өлең оқу сайысы.
«Жыр LIVE» атты бұл шараны жастар бастамаларын қолдау орталығы ұйымдастырды. Шара барысында орталық басшысы Еркін Амангелдіұлы сөз сөйлеп, ақын мұрасының ешқашан ескірмейтінін атап өтті және қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Жарыстың алғашқы кезеңінде студенттер бір-бір өлеңнен жатқа оқыды. Қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келгені байқалды. Әсіресе Қайынжамал, Самир, Аружан, Тахира, Мәдина мен Дариға көрермен көңілінен шығып, жақсы өнер көрсетті.
Келесі кезеңде қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл бөлімде кейбір студенттер үшін сұрақтар күрделі болып, сәл кідірістер байқалды.
Қазылар алқасының қорытынды шешімімен жыр сайысының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Нәтижесінде ЕКИТИ студенті Қайынжамал Беляева бірінші орынды иеленіп, планшетпен марапатталды. ИнЕУ жоғары колледжінің студенті Самир Нарымбаев екінші орынға, ал медициналық колледж студенті Диана Әуесбек үшінші орынға ие болды.
Ақын мұрасын насихаттауға бағытталған бұл шара жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниесін байыта түсті. Өлеңді жүрекпен оқыған жастар Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







