Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали ақынның жырлары ешкімді бей-жай қалдырған емес. Ақиық ақынның шығармашылығына тәнті қауым жылдан-жылға көбейіп келеді. Оқырман қатарында жас та, кәрі де бар. Мұны 9 ақпан күні «Атамұра» мәдениет орталығында өткен «Қазақ поэзиясының жауһары» атты әдеби-сазды кеште болғанымызда байқадық.
Ғасыр ақынының 95 жылдық мерейтойына арналған кеш әнші Арман Рай орындаған «Есіңе мені алғайсың» әнімен басталып, «Зерде» дарынды балалар мектебінің оқушылары Батырхан Сушин, Абуғали Бүркітбай, Темерлан Қуандықов, Кәусар Нүптеке және №22 мектеп-гимназиясы оқушысы Минора Маратова ақын өлеңдерін оқыды.
Мұқағали Мақатаевтың жауһар жырларына сазгерлер шығарған әндер де кеңінен танымал емес пе. Гүлмира Алданова «Ауыл жатыр той жасап», Қуандық Кенжебек «Күрең күз», Алтынгүл Бақытхан «Саржайлау» әндерін шырқап, тыңдаушыларды біресе қуанышқа, біресе мұңға бөледі.
Мұқағали ақын – бақытты, жас буын арасында ондаған емес, жүздеген өлеңдерін жатқа оқитын ұл-қыздар жетерлік. «Зерде» мектебі оқушылары Карима Балтабекова, Айбике Нұрлыбекова, Аружан Сагантаева ақынның ана тақырыбына жазылған жырларын оқып, әнші Жомарт Қабыкенов «Қайран жеңге», «Фариза қыз» әндерін орындап жиналған қауымды ойландырды.
Ал ақынның махаббат туралы өлеңдерін Самир Нарымбаев, Ғалия Шәріпбек, Мәдина Тиыштықбаева сезім отын лаулатып оқып, «Дарын» триосы, әншілер Жанболат Илеубаев, Бауырбек Бектеміров ән шырқады. Әсіресе, Қоянды ауылынан келген қыздардан құралған «Жайна» тобы орындаған «Бақыт» деген әні ерекше әсер қалдырды.
Шығармашылық кештің шырайын ұлағатты ұстаз-ақын Гүлбаршын Сейітова мен Балнұр Убабаева оқыған өлеңдер де енгізіп, журналист Жассерік Жәлелұлы Мұқағали ақынның поэзиясы жайлы пікір айтып, әдеби-сазды кешті ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Шара соңында жиналған қауым орындарынан тік тұрып, экраннан Мұқағали ақынның өз дауысын естіп, «Пай, пай, өмір!» өлеңін тыңдап, ақын рухына құрмет көрсетті.
Ж.Жәлелұлы







